Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Токио олимпиадасына қатысушылар арасында коронавирус жұқтырғандар тіркелді

Опубликовано:

Олимпиада
Көрнекі сурет: pixabay.com

Токио олимпиадасының ашылуына бір аптадай уақыт қалды. Бірақ бір жыл кешігіп келген спорттық ойындарға тағы қауіп төнді. Себебі, шараға қатысушылар арасында коронавирус жұқтырғандар көбейіп келеді деп хабарлайды Хабар 24.

Телеарнаның мәліметінше, Токиода шетелдік спорт делегациялары орналасқан Олимпиада ауылында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді.

Шараны ұйыдастырушы комитеттің мәлімдеуінше, коронавирус шетелдік делегация мүшелерінің бірінен анықталды. Комитет басшысы дертті қай елдің өкілі жұқтырғанын ашып айтпағанымен, оның спортшы емес екені белгілі болды.

Науқас өзге қонақ үйге оқшауланған. Жауаптылар олимпиада ауылындағы санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін бар күшімізді салатынын айтуда.

"Коронавирустың таралуын болдырмас үшін көптеген шара қабылдадық. Спортшылар күн сайын тест тапсырып, тексерістен өтеді. Дертті жұқтырғандар анықталса, бірден оқшауланып, байланысқа түскен адамдар анықталады. Ойындардың қауіпсіз өтуі үшін барлық сақтық шаралары қабылданған", - дейді Олимпиада-2020 ұйымдастыру комитетінің бас директоры Тоширо Муто.

Жалпы шілде айының басынан олимпиада ойындарына қатысы бар 45 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде Австралия, Израиль, Сербия, Уганда елінің спортшылары бар.

Тәртіпке сәйкес дертке шалдыққандар екі апталық карантиннен өтуі тиіс. Сондықтан кей спортшылар сайыс басталғанға дейін оқшаулаудан шықпай қаламыз ба деп алаңдайды.

"Токиодағы Олимпиада ойындарының сәтті өтуі үшін қатысушылардың барлығы коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс. Халықаралық Олимпиада комитеті спортшылар мен өзге де адамдардың бұл талапты орындауына мүмкіндік жасайды", - дейді Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах.

Ал Жапония астанасында эпидемиологиялық ахуал нашарлай түскен. Шілденің 12-сінен бастап қалада төтенше жағдай енгізілді. Шаһарда Олимпиаданы өткізуге қарсы наразылық шаралары жиі өтіп жатыр.

"Соңғы 3 күнде Токиода күн сайын 1 мыңнан аса адам вирус жұқтырып жатыр. Індеттен көп адам қайтыс болды. Үкімет қаржыны олимпиаданы өткізуге емес, вирустың таралуын тоқтатуға жұмсауы керек еді", - дейді шеруші.

Індетке байланысты бірнеше ай бұрын шетелдік жанкүйерлердің келуіне тыйым салынған. Ал өткен аптада Токио мен оған көрші префектуралардағы сайыстарға жергілікті жанкүйерлерді де кіргізбеу туралы шешім шықты. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1922918-tokio-olimpiadasyna-qatysusylar-arasynda-koronavirus-zuqtyrgandar-tirkeldi/

pixel