RU

Жарыс кестесі өзгеруі мүмкін: Олимпиада өтіп жатқан Токиоға жойқын тайфун жақындап келеді

Олимпиада
Көрнекі сурет: pixabay.com

Олимпиада ойындары өтіп жатқан Жапонияның Токио қаласына "Непартак" атты жойқын тайфун жақындап келеді. Бұл туралы gazeta.ru сайты NHK арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Жапонияның ұлттық метеорологиялық басқармасы ұсынған болжамға сәйкес, "Непартак" тайфуны Токио-2020 жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатқан Жапонияның астанасы Токиоға жақындап келе жатыр, салдарынан қатты жаңбыр мен алып толқын болады деп күтілуде.

"Непартак" тайфуны қазіргі уақытта Жапонияның оңтүстігінде Тынық мұхитында орналасқан Бонин аралдарында (Огасавара деп те аталады) тіркеліп отыр. Аталмыш аралдар аймағында желдің жылдамдығы 20 м/с құрап отыр, дегенмен "Непартак" Токиоға жақындаған сайын, желдің жылдамдығы да күшейе түспек.

Тайфун Жапонияның шығыс жағалауына келген уақытта жел толқындарды 6-8 метрге дейін көтеруі мүмкін, ал Жапония астанасында 100-ден 150 мм-ге дейін жауын-шашын түседі деп болжануда. Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитеті "Непартак" тайфунының жақындауына байланысты жарыс кестесі өзгертілуі мүмкін екенін хабарлады.

"Непартак" - 2021 жылы Тынық мұхитында пайда болған сегізінші тайфун.

Еске салсақ, бұған дейін Токиодағы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің туын көтеріп шыққан Ольга Рыпакованың қазақша стильдегі көйлегі әлем жанкүйерлерінің жоғары бағасына ие болғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1923870-zarys-kestesi-ozgerui-mumkin-olimpiada-otip-zatqan-tokioga-zoiqyn-taifun-zaqyndap-keledi/