Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алтынсыз қайтпаған": Ел спортшылары өткен жазғы Олимпиадаларда қалай өнер көрсетті

Опубликовано:

Бекзат Саттарханов
Фото: prosports.kz

Бүгінде Токиода жазғы Олимпиада ойындары өтуде. Ел тарихында Қазақстан құрамасы осымен жетінші рет жазғы Олимпиадаға қатысып отыр. Еліміздің спортшылары бұған дейін жазғы Олимпиадалардан алтын жүлдесіз қайтпаған. KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстан спортшыларының тәуелсіздіктің 30 жылындағы қоржынға салған жүлделерін естеріңізге салады.

Қазақстан жеке команда ретінде өз тарихында алғаш рет 1994 жылы Атлантада өткен жазғы Олимпиадаға қатысты. Додада еліміз 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальды еншілеп қайтты. Жалпы есепте Қазақстан 24-орынға тұрақтаған еді.

Василий Жиров
Фото: Василий Жиров, боксшы/ www.kazpravda.kz/

Алтын медальды боксшы Василий Жиров, бессайыстан Александр Парыгин және грек-рим күресінен Юрий Мельниченко алды.

Сидней олимпиадасының чемпиондары
Фото: Сидней Олимпиадасының чемпиондары/prosportkz.kz

Сиднейде 2000 жылы болған Жазғы Олимпиада ойындарында да Қазақстан қоржыны 3 алтын медаль, 4 күміс медальмен толықты. Ойын қорытындысы бойынша еліміз 22 орынға ие болды.

Алтын жүлде алған спортшылар - боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимов және жеңіл атлет Ольга Шишигина биік тұғырдан көрінді.

Бақтияр Артаев
Фото: Бақтияр Артаев/vringe.com

Ал 2004 жылғы Афиныда өткен жазғы Олимпиада ойындары қазақ спортшылары үшін аса табысты болмады. Онда ел құрамасы Сидней Олимпиадасымен салыстырғанда 18 позицияға түсіп, 40-орынды місе тұтты. Бұл Олимпиадада жалғыз алтынды ел қоржынына боксшы Бақтияр Артаев салды. Мұнан басқа 4 күміс, 3 қола медаль болды.

Бақыт Сәрсекбаев
Фото: Бақыт Сәрсекбаев/zimbio.com

2008 жылы Бейжің Олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстан спортшылары 2 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлде алып, жалпы командалық есепте 29-орынды иеленді. Ауыр атлетика жарысында табысты өнер көрсеткен спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль алды. Бокстан 1 алтын, 1 қола және күрестен 1 күміс, 4 қола медаль бұйырды. Алайда 2016 жылы қазақстандық 5 спортшы допинг қолдану бойынша дауға қалып, өз медальдарынан айырылды.

Ольга Рыпакова
Фото: Ольга Рыпакова/olympic.kz

2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада Қазақстан спорттың 20 түрінен қатысуға мүмкіндік алған. Елімізге 11 жүлде бұйырды. Оның 3-і алтын болса, 1-і күміс, 7-і қола болды. Қазақстан ауыр атлетикадан алған жүлделерінен айырылуы себепті жалпы есепте 12-орыннан 24 орынға тұрақтады. Алтын медальды ел қанжығасына велошабандоз Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова және боксшы Серік Сәпиев байлады.

Данияр Елеусінов
Фото: olympic.kz

2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасы Қазақстан құрамасы үшін сәтті өтті. Онда ел спортшылары 18 жүлде алған. Оның 3-і алтын, 5-і күміс, 10-ы қола медаль болды. Алтын жүлдеге жүзуден Дмитрий Баландин, ауыр атлетикадан Ниджат Рагимов және бокстан Данияр Елеусінов қол жеткізген болатын. Жалпы командалық есепте еліміз 22-орыннан көрінген.

Айта кетейік, бүгін Токио Олимпиадасының бесінші күні өтіп жатыр. Қазақстан әзірге 3 қола медальға ие.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1924372-altynsyz-oralmagan-el-sportsylarynyn-otken-zazgy-olimpiadalarda-zetistikteri-qandai-bolgan-foto/

pixel