Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ольга Рыпакова: Бұл - менің спортшы ретіндегі соңғы Олимпиадам

Опубликовано:

Ольга Рыпакова18
Фото: ҰОК баспасөз қызметі/Владислав Семенов

Лондон - 2012 Олимпиадасының чемпионы, Бейжің-2008 және Рио-2016 Олимпиада ойындарының жүлдегері Ольга Рыпакова баспасөз мәслихатын өткізіп, жанкүйерлеріне алғыс айтты және алдағы жоспарлары туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Барлық жанкүйерлерге, қазақстандықтарға қолдау көрсеткендеріңіз үшін, әлеуметтік желіде жазған жылы сөздеріңіз үшін, қоңырау шалғандарыңыз үшін рахмет айтқым келеді. Жан тебірентетін тілектер мен қолдау болды. Осы төрт Олимпиада бойы әрқашан менімен бірге болдыңыздар, қолдадыңыздар. Мен үшін бұл өте маңызды", - дейді спортшы.

Оның айтуынша, бүгінгі жарыста көңіл-күйі мен жалпы жағдайы жақсы болған.

"Мен бұрынғыдай толық ойын көрсетуге дайын болдым. Не нәрсе дұрыс шықпағанын білмеймін. Өзім де толық түсінбедім. Жаңа ғана стадионнан келдім, әлі жаттықтырушымен әңгімелесіп, талдау жасамадық. Әрине, өзімнің соңғы Олимпиадамды сәтті өткізгім келді, жанкүйерлерімді тағы да қуантқым келді. Жеңіс тұғырына шығып, қуаныш сезімін сыйлағым келді. Бірақ бұл әрдайым бола бермейді. Ауа райы керемет, жағдайымыз да жақсы, бірақ бір нәрсе болмай қалды. Қателіктерді қараймыз және талқыға саламыз", - дейді жеңіл атлет.

Ольга Рыпакова алдыңғы және осы Олимпиадалар арасында айырмашылық сезілгенін де атап өтті.

"Мұнда көрермендердің жоқтығын айтамын. Жарыс кезінде еш көрермен болмады. Бұл да сезіледі екен. Жанкүйерлерге және Олимпиаданың ұйымдастыру комитетіне тағы да ризашылығымды білдіргім келеді, олар қиын жағдайда да Олимпиада ойындарын өткізді. Олар үлкен алғыс пен құрметке лайық", - дейді ол.

Сонымен қатар, спортшы алдағы жоспарлары туралы сұрақтарға да жауап берді.

"Мен бұл мәселе туралы әлі ойланбадым, бірақ бір нәрсені айтайын: бұл - менің спортшы ретіндегі соңғы Олимпиадам. Жоспарлар туралы айтуға әлі ерте, аздаған уақыт өтсін, бірақ болашақта да менің өмірім мен жұмысым спортпен тығыз байланысты болады деп ойлаймын", - дейді Ольга Рыпакова.

Ол болашақта Қазақстандағы спорттың, оның ішінде жеңіл атлетиканың дамуына тағы да үлес қосқысы келетінін жеткізді.

"Мен әлі де көмектескім келеді, біздің елімізде жеңіл атлетикадан Олимпиада мен Әлем чемпиондары көп болғанын қалаймын. Өмірдің ағысы қалай болатынын қарап көрейік", - дейді жеңіл атлет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1924844-olga-rypakova-bul-menin-sportsy-retindegi-songy-olimpiadam/

pixel