Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жақында әкесінен айырылған": Қазақстандық спортшы садақ атудан тарихи нәтижеге қол жеткізді

Опубликовано:

Ильфат Абдуллин
Ильфат Абдуллин: olympic.kz, Жеңіс Ысқабай

Садақ атудан Қазақстан командасының мүшесі Ильфат Абдуллин Токио Олимпиадасындағы жекелей сында жақсы нәтижемен көзге түсті. Ол жүлдеге ілікпесе де, ел тарихында алғаш рет садақ атудан Олимпиада ойындарының 1/8 айналымында бақ сынады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ильфат Абдуллиннің бұл қадамын жанкүйерлер мен мамандар жоғары бағалап отыр. Себебі, аталған спорт түрінен қазақстандықтар бұрын-соңды Олимпиаданың 1/8 айналымына жетпеген.

Одан бөлек, Қазақстан командасы соңғы 20 жылда алғаш рет садақ атудан Олимпиада ойындарына қатысып отыр. Токио Олимпиадасындағы командалық сында Қазақстан намысын Ильфат Абдуллин, Санжар Мұсаев және Денис Ганькин қорғады.

Ал жекелей сында қазақстандықтар сапынан ең жоғары нәтижені Ильфат тіркеді. Ол бірінші кезеңде ұлыбританиялық Джеймс Вудгейдті, екінші айналымда нидерландтық Стив Виджлерді ұтты.

Үшінші айналымды Абдуллин әлемдік жарыстарда жүлде алып жүрген қытайлық Ли Джуа Лунмен кездескен болатын. Кездесудің негізгі уақыты 5:5 есебімен тең аяқталып, жеңімпазды анықтауға арналған қосымша мүмкіндікте Ильфат 5:6 есебімен қарсыласқа жол берді.

«Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Енді алдымызда әлем чемпионаты күтіп тұр. Олимпиадаға бірінші рет қатысып тұрғаннан кейін осы жарыста не жетпейді, қай жерден қате жіберетінімді бәрін тексеріп алдым. Әлем чемпионатында мақсатыма жетуге тырысамын», - дейді Ильфат Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.

Журналист Әйгерім Тоқсанбек Ильфаттың жақында әкесі өмірден озса да, бар күшін жинап, Олимпиадаға келгенін атап өтті.

«Ильфат Абдуллиннің Олимпиадада 1/8 финалға жеткенінің өзі елдегі садақ ату спортындағы үлкен жетістік. Себебі, бұған дейін ешкім Олимпиада ойындарында садақ атудан 1/8 финалға жетпеген. Азия ойындарында да жүлдеге бір табан жақындап, төртінші орынмен аяқтады. Бұл қазақ спорты үшін сенсация. Әлі де кішкене жетпей тұр. Олимпиаданың алдында ғана әкесі қайтты. Әлі қырық күн бола қойған жоқ-ау. Сонда да мойымай, бүгін жарыста еңсесін тік ұстап тұр. Еңсең түспесін Ильфат! Алда сенің жеңісіңнен сүйінші хабар тарататынымызға сенемін!», - деп жазды журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1924919-zaqynda-akesinen-aiyrylgan-qazaqstandyq-sportsy-sadaq-atudan-tarixi-natizege-qol-zetkizdi/

pixel