RU

Бес боксшы жеңілді: Әбілхан Аманқұл Бразилия өкіліне есе жіберіп, жарысты аяқтады

Әбілхан Аманқұл
Әбілхан Аманқұл: olympic.kz, Жеңіс Ысқабай

Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Әбілхан Аманқұл Токио Олимпиадасын сәтсіз аяқтады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ерлер арасында 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әбілхан Олимпиаданың ширек финалында бразилиялық Эберт Соузамен кездескен болатын.

Тартысты жекпе-жектің алғашқы кезеңінде төрешілер қарсыласты жеңімпаз деп таныды. Екінші раундта қазылар пікірі екіге жарылып, қорытынды нәтиже 3:2 есебімен бразилиялық боксшының пайдасына аяқталды.

Осымен, бокстан Қазақстан командасының бесінші өкілі Олимпиаданың жартылай финалына жете алмай, жарысты мерзімінен бұрын бітірді.

Бұған дейін Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Бекзад Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) жеңіліс тауып, Олимпиадамен қош айтысқан болатын.

Айта кетелі, Әбілхан Аманқұл 2017 жылғы әлем чемпионатының, 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1924955-bes-bokssy-zenildi-abilxan-amanqul-braziliya-okiline-ese-ziberip-zarysty-ayaqtady/