RU

"Ауыр жарақаттан соң Олимпиадаға қатысу – ерлік": Ресейлік маман Каримидің көрсеткішін бағалады

Милади Карими
Милади Карими. Фото: olympic.kz

Қазақстандық гимнаст Милад Карими өзінің алғашқы Олимпиадасында үш финалда бақ сынауда деп хабарлайды olympic.kz.

Ол 2 тамыз күні өткен еркін жаттығудағы ақтық бәсекеде бесінші орын алды. Осыған орай, Olympic.kz спорттық гимнастикадан танымал ресейлік жаттықтырушы Андрей Телицынмен сұхбаттасып, маман пікірін сұраған болатын.

"Олимпиада кезінде Милад жаттығуының үзіндісін көріп қалдым. Шынын айту керек, ол өте жақсы өнер көрсетті. Өйткені, бұл кезеңде Олимпиадаға жолдама алудың өзі оңай емес.

Ең танымал деген спортшылардың өзі Токиоға бара алмай қалды. Демек, Миладтың өз мансабындағы алғашқы Олимпиадада үш финалға өтуі үлкен жетістік. Милад бірнеше рет менің көзіме түсті. Білуімше, ол қоссырықтағы жаттығу кезінде ауыр жарақат алған. Осыдан соң қалпына келіп қана қоймай, үлкен спортқа оралып, Олимпиадаға жолдама алу дегенің керемет көрсеткін.

Еркін жаттығудағы финалдық бағдарламасы тамаша. Оның бағдарламасы үздіктермен бәсекелесе алады. Ол көпсайыста дәл осы жаттығу бойынша 15,033 балл алған. Өкінішке қарай, финалда мұны қайталай алмады. Соған қарамастан, Каримидің бұл көрсеткішін жоғары бағалау керек", – деді Телицын.

Еске сала кетейік, грек-рим күресінен қазақстандық спортшы Демеу Жадыраев Токиодағы Олимпиада ойындарының 1/4 финалына өте алмады.

77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жадыраев 1/8 финалда жапониялық Якибу Сохейге 3:5 есебімен есе жіберді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1925161-auyr-zaraqattan-son-olimpiadaga-qatysu-erlik-reseilik-maman-karimidin-korsetkisin-bagalady/