Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ағылшын бапкерлері кешірім сұрады": Мырзағали Айтжанов шәкірті Бибосыновтың жеңілісіне пікір білдірді

Опубликовано:

Мырзағали Айтжанов
Мырзағали Айтжанов. Фото: ҰОК / Владислав Семенов

Бүгін қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының жартылай финалында ұлыбританиялық Джалал Яфаиге есе жіберіп, қола жүлдегер атанды. Спортшының жеке бапкері Мырзағали Айтжанов кездесу нәтижесіне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Prosports.kz.

Мырзағали Айтжановтың сөзінше, қазақстандық боксшыларға Джалал Яфаи бұрыннан таныс. Кезінде Біржан Жақыпов онымен талай қолғап түйістірген.

Ал бүгінгі кездесуге келсек, бірінші раундта ұлыбританиялық боксшы жеңгенімен, кейінгі екі раундта Сәкен Бибосынов басым түсті дейді ол.

"Олимпиада болғандықтан қобалжып, бірінші раундта бас салып алдыға жүгірді. Бір-екі соққы тиіп кетті. Оны нокдаун санайтын-санамайтынын біз шешпейміз. Төреші нокдаун дегендіктен бірінші раундты қарсыласына берген болар. Дұрыс.

Ал екінші және үшінші раундты енді, бүкіл әлем көрді деп ойлаймын. Жекпе-жектен соң ағылшын бапкерлері кешірім сұрап жатыр. Әріптеспіз. Кімнің жеңгенін, кімнің жеңілгенін жақсы білеміз ғой. 

Қолаға да шүкір. Бірақ... Былай айтқанда, қанша тер төгілді, еңбектендік. Бүгін финалға шығып, көк туымызды желбіретеміз деген сеніммен келген едім. Өз басым, жеңетініне де, өтетініне де сенімді болдым. Рингтің бұрышында тұрып, көп нәрсені сеземіз ғой. Қап, берсе екен деп ойладым, 3:2. Бұйырмады. 

Сәкеннің бүгінгі өнері тамаша болды. Нағыз ер-жігітке тән қайсарлық, жігерлік бойынан көрінді. Неге десең, екінші раундтан бастап тең ойнады. Жігітке тән мінезді көрсетті. Үшінші раундта жеңісті жұлып алды. Бірақ, амал жоқ, төрешілер басқаша шешті.
Ағылшын боксшысы тек бірінші раундты жеңді деп мойындаймын. Ол кезде Сәкен бас салып, алдыға жүгіріп кетті. Ал одан кейін Сәкен өз мәнерінде жұдырықтасып, өз ойынын көрсетті. Екінші раундтан соң Сәкенге бар күшіңді сал, артында барша жұрт саған сенім артып отыр деп айттым. Дегенмен оған тағар кінә жоқ. Барын салды. Біржан алмаған жүлдені, Қайратқа бұйырмаған медальді мойнына тақты. Қаншама жігіттеріміз жүлдесіз қайтты.

Кезінде Токио Олимпиадасында жалпыкомандалық есепте көш басында тұрып, шәкіртім алтын алады деген мақсат қойып едім. Өкінішке қарай, орындалмады. Енді Парижде мақсатымызды орындау үшін еңбек етеміз", - дейді Мырзағали Айтжанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1925758-agylsyn-bapkerleri-kesirim-surady-myrzagali-aitzanov-sakirti-bibosynovtyn-zenilisine-pikir-bildirdi/

pixel