Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Олимпиаданың алтын медалін тістеп көрген жапон саясаткерінің басы дауға қалды (фото)

Опубликовано:

Медаль
Фото: kyodonews

Жапонияда спортшы Миу Готоның алтын медалін тістеп көрген Нагоя қаласының мэрі Такаси Кавамураның басы дауға қалды деп жазады РБК.

Басылымның хабарлауынша, Миу Гото софтболдан Жапония құрамасында ойнайды. Жапониялықтар финалда АҚШ командасын 2:0 есебімен жеңіп, Олимпиаданың алтын медалін иеленген.

Осыдан кейін Готоны туған қаласына басшылықпен кездесуге шақырған. Спортшы жүздесу барысында медалін мэрдің мойнына таққан. Кавамура болса жүлденің ауыр екенін айтып, тістеп көрген.

Саясаткердің бұл әрекеті әлеуметтік желіде дау тудырды. Өйткені, Кавамура спортшыдан рұқсат сұрамапты. Сондай-ақ, желідегілер мэрдің бұл қылығын коронавирус пандемиясы кезіндегі жауапсыздық деп атауда.

Мэр Такаси Кавамура өз әрекеті үшін көпшіліктен кешірім сұрап үлгерген.

"Кешірім өтінемін", - деді саясаткер өз мәлімдемесінде. Еске сала кетсек, бұған дейін Токиодағы Олимпиада ойындарында жарысты өткізуге атсалысқан 300-ден астам адам коронавирус жұқтырғанын жазған едік.

Осылайша, эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты Токиода төтенше жағдай режимі 31 тамызға дейін ұзартылды.

Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орындарында алкоголь сатуға тыйым салынады және бұқаралық іс-шаралар көрерменсіз өтеді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында Токио Олимпиадасының жеті қола медалі бар. Оны дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, еркін күрестен Нұрислам Санаев, каратеші Дархан Асаділов иеленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1925776-olimpiadanyn-altyn-medalin-tistep-korgen-zapon-sayasatkerinin-basy-dauga-qaldy-foto/

pixel