RU

Бибосыновтың жекпе-жегі бойынша неге наразылық жасалмады: Бас бапкер жауап берді

Ғалымбек Кенжебаев
Фото: sports.kz

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев финалға өте алмаған Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегі бойынша неге наразылық жасалмағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айта кетейік, 5 тамызда Токио Олимпиадасында соңғы боксшымыз Сәкен Бибосынов жартылай финалда ұлыбританиялық Джалал Яфаимен кездесіп, 2:3 есебімен жеңілді.

Алайда жанкүйерлер бірінші рауандта Сәкен есе жібергенімен, қалған екі раундта жеңді деп санайды.

Осы орайда бокстан бас бапкер Қазақстан тарапынан неліктен наразылық жасалмағанын түсіндірді.

"Бұл Олимпиада AIBA-ның (Халықаралық бокс қауымдастығы - Sputnik) ережесі бойынша өтіп отырған жоқ. Онда бапкерлерге жекпе-жектің қорытындысына қарсылық білдіруге мүмкіндік беріледі. Әрбір командаға екі рет наразылық жасауға болады. Ал осы жолы бәрін Халықаралық Олимпиада комитеті ұйымдастырып отыр. Олар Олимпиаданың алдында бәрімізге "протест болмайды, протест жазбай-ақ қойыңдар" деген. Бәрібір қаралмайды. Сол себепті наразылық білдірген жоқпыз", - дейді Кенжебаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте.

Оның айтуынша, бапкерлер Бибосыновтың финалда алтын алатынына сенімді болған.

"Біз Сәкен финалға шықса, ендігі қарсыласы филиппиндік болады деп ойладық. Бибосынов оны Иорданияда өткен турнирде жеңген. Алтын алуға болатын еді. Біз алтынды Сәкеннен ғана күткен жоқпыз. Басқа да жігіттер болды. Бірақ олардың жолы болмай, ұтылып қалды. Бокста біз әрбір спортшыдан үміт күтеміз. Осы жолы Сәкен жақсы дайындалып келді. Бірінші жекпе-жектен бастап жақсы өнер көрсетті. Өкінішке қарай, болмады", - дейді Ғалымбек Кенжебаев.

Бас бапкер боксшыларға психологиялық тұрғыда қиын болды деп санайды.

Айта кетейік, қазақстандық боксшылар тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет жазғы Олимпиада ойындарында алтынсыз қалды.

Токио Олимпиадасының жартылай финалына Қазақстан сапынан екі боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов ғана жетті. Екеуі де қола жүлдегер атанып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1925825-bibosynovtyn-zekpe-zegi-boiynsa-nege-narazylyq-zasalmady-bas-bapker-pikir-bildirdi/