RU

"Қоланы қолдан бермеуге тырыстым": Нұрислам Санаев Токиодағы белдесулері жайлы айтты

Нұрислам Санаев85
Фото: olympic.kz

Еркін күрестен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев сұхбат беріп, төртжылдық доданы қорытындылады деп жазады Olympic.kz.

Оның сөзінше, жартылай финал өзі күткендей болмағандықтан, ақтық сынға шыға алмаған.

"Содан кейін дереу жиналып, қоланы қолдан бермеуге тырыстым. Әрине, Токиоға алтын алсам деп келіп едім. Бірақ үшінші орынның өзі үлкен жетістік. Маған қолдау көрсеткен барша жанкүйерге бас иіп, алғыс білдіремін", - дейді отандасымыз.

Нұрислам Санаев жартылай финалда күрескен үндістандық қарсыласымен екі рет кездесіп, екеуінде де есе жібергенін жасырған жоқ.

"Ол өте мықты балуан. Мен де бар күшімді салдым, алайда жеңіске сәл жетпей қалды. Қалай ұтылғанымды өзім де түсінбей қалдым. Үнді балуаны мен үшін өте ыңғайсыз қарсыластардың бірі. Оң жамбасыма келмеді", - дейді балуан.

Спортшы қазіргі уақытта алдағы жоспары туралы ештеңе айта алмайтынын, алайда дайындықты тоқтатпайтынын атап өтті.

"Олимпиадада жүлдегерлер қатарына енгеніме қуаныштымын. Бұл әр спортшы үшін қуанышты жағдай", - дейді балуан. 

Еске сала кетейік, осыған дейін Токио Олимпиадасында еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Нұрислам Санаевтың қола жүлдегер атанғанын жазған едік.

Нұрислам Санаев Ресейде дүниеге келген. Қазақстанға ауысқан соң ол есімін өзгертіп (алғашқы аты Артас), ислам дінін қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1925827-qolany-qoldan-bermeuge-tyrystym-nurislam-sanaev-tokiodagy-beldesuleri-zaily-aitty/