RU

"Бұл сөзсіз құлдырау": Сарапшылар Қазақстанның Олимпиададағы ойынына баға берді

Токио Олимпиадасында берілетін медальдар
Фото: Issei Kato - Pool/Getty Images

Токиода өткен Олимпиаданың 14 жарыс күнінде отандық спортшылар 7 қола медаль иеленді. Қазақстан жалпы командалық есепте 76-орында тұр. Сарапшылардың сөзінше, бұл ел тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Олимпиаданың 14-күнінде Қазақстан еркін күрес, карате мен бокстан үш қола медаль алды. Сарапшылар Токио-2020 кезінде бәрінен бұрын боксшылар көңіл қалдырғанын айтады.

"1/4 финалға дейін команданың жартысы да қалмады, ал жартылай финалға небәрі екі адам ғана шықты. Бұл сөзсіз құлдырау, тарихтағы ең нашар өнер көрсету. Мұны басқалай атауға болмайды", - дейді спорт шолушысы Сергей Райлян.

Сонымен қатар, тілшілер бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында боксшыларымыз алтынсыз қайтқан алғашқы Олимпиада екенін де атап өтті.

Осы ретте мамандар қазақстандық спортқа реформа қажет екенін айтады.

"Көптеген федерацияның президенті өз федерациясының өміріне араласпайды. Бізде әдеттегідей шенеуніктер басқарады. Олардың көпшілігі бұл спорт түрінен хабарсыз, не болмаса телеарнадан көрген. Негізі олардың орынбасарлары қызметінде осы спорт түрін білетін, сонымен айналысқан спортшылар отырғаны дұрыс болар еді. Тек солар ғана федерацияны лайықты деңгейге көтереді", - дейді "Қазақстандық спортшылар одағы" РҚБ төрағасы Азамат Қарлығашев.

Сарапшылардың ойынша, жалақының төмен болуы да мәселе болып отыр. Осының салдарынан бапкерлер үлкен спорттан коммерциялық ұйымдарға кетеді.

Олардың болжамынша, егер бұлай жалғаса берсе, чемпиондарды тәрбилейтін адам қалмайды.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1925835-bul-sozsiz-quldyrau-sarapsylar-qazaqstannyn-olimpiadadagy-oiynyna-baga-berdi/