RU

Қамшыбек Қоңқабаевқа Олимпиада ойындарының қола жүлдесі табысталды

Қамшыбек Қоңқабаев
Қамшыбек Қоңқабаев. Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитет

Бокстан ерлер арасында аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне медальдар табысталды деп хабарлайды Olympic.kz.

91 келіден жоғары салмақта Қазақстан құрамасының мүшесі Қамшыбек Қоңқабаев қола жүлдеге ие болды.

Баходир Жалолов (Өзбекстан) Олимпиада чемпионы атанса, АҚШ спортшысы Ричард Торрез екінші орынды қанағат тұтты.

Дәл осы салмақ бойынша екінші қола жүлдені Ұлыбритания боксшысы Фрейзер Кларк иеленді.

Еске сала кетсек, 8 тамызда Токиода өтіп жатқан ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтеді. Әлем елдері қатысқан жарыста Қазақстан 8 қола медаль еншіледі.

Токио төрінде алғашқы медальді 24 шілдеде Қазақстан қоржынына дзюдошы Елдос Сметов салды.60 келі салмақта сынға түскен қазақстандық балуан Нидерланд елінің спортшысы Торнике Цакаджоені ұтты. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмай, қосымша уақытта Сметовтің жасаған әдісі есепке алынды.

25 шілде күні жарыс жолына ауыр атлеттер шықты. Дәл сол күні 61 келіге дейінгі салмақтағы зілтеміршіміз Игорь Сон қола жүлде жеңіп алды. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні, серпе көтеруде 163 келіні көтерді. Қоссайыс нәтижесі бойынша қазақстандық ауыр атлет 394 келіні көрсетті.

Ал 26 шілде күні 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен зілтемірші Зүлфия Чиншанло елімізге тағы бір қола медаль сыйлады. Чиншанло қоссайыс қорытындысы бойынша 213 келіні бағындырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1926116-qamsybek-qonqabaevqa-olimpiada-oiyndarynyn-qola-zuldesi-tabystaldy/