RU

Алматыда Олимпиаданың қола жүлдегеріне көлік сыйға тартылды

Нұрислам Санаев
Фото: olympic.kz

Олимпиадада еркін күрестен қола жүлдені жеңіп алған Нұрислам Санаевқа жаңа көлік сыйға тартылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрислам Санаевқа BMW маркалы көлігінің кілті Алматы әуежайында табысталды. Спортшыны жақындары, таныстары және достары қарсы алды.

Сонымен қатар, 9 тамыз күні елімізге Токиодағы Олимпиада ойындарында сынға түскен қазақстандық өзге де спортшылар оралды.

Еске сала кетейік, осыған дейін Токио Олимпиадасында еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Нұрислам Санаевтың қола жүлдегер атанғанын жазған едік.

Көп ұзамай, Нұрислам Санаев Токиодағы белдесулері жайлы өз пікірін айтқан болатын.

Оның сөзінше, жартылай финал өзі күткендей болмағандықтан, ақтық сынға шыға алмаған.

"Содан кейін дереу жиналып, қоланы қолдан бермеуге тырыстым. Әрине, Токиоға алтын алсам деп келіп едім. Бірақ үшінші орынның өзі үлкен жетістік. Маған қолдау көрсеткен барша жанкүйерге бас иіп, алғыс білдіремін", - деген еді отандасымыз.

Спортшы қазіргі уақытта алдағы жоспары туралы ештеңе айта алмайтынын, алайда дайындықты тоқтатпайтынын атап өтті.

"Олимпиадада жүлдегерлер қатарына енгеніме қуаныштымын. Бұл әр спортшы үшін қуанышты жағдай", - дейді балуан. 

Нұрислам Санаев Ресейде дүниеге келген. Қазақстанға ауысқан соң ол есімін өзгертіп (алғашқы аты Артас), ислам дінін қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1926327-almatyda-olimpiadanyn-qola-zuldegerine-kolik-syiga-tartyldy/