RU

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаевқа екі бөлмелі пәтер берілді (фото)

Нұрислам Санаев774
Фото: olympickz

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бүгін Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарынан оралған ақтөбелік спортшылармен және олардың жаттықтырушыларымен кездесті деп хабарлайды ведомствоның Facebook парақшасы.

Олимпиаданың қола жүлдегері Нұрислам Санаевқа өңір басшысы пәтер кілтін сыйлады. Олимпиада ойындарына қатысқан балуан Мейрамбек Айнағұловқа, суда жүзуші Диана Назароваға, сонымен қатар, спортшылардың жаттықтырушыларына өңір басшысы бағалы сыйлықтар табыстады.

"Сіздер - еліміздің мақтанышысыздар. Жас ұрпаққа салауатты өмір салты мен спортты дәріптеуде үлгі бола отыра баға жетпес үлес қосасыздар. Адал әрі аянбай күрескендеріңіз үшін, батылдықтарыңыз бен отансүйгіштіктеріңізге шын жүректен алғыс айтамын",- деді спортшыларға зор денсаулық пен жаңа белестерге жетуді тілеген Оңдасын Оразалин.

Нұрислам Санаев
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Олимпиадаға қатысушылар облыс басшылығына кәсіби спортты қолдағаны үшін рахмет айтып, келешек жоспарларымен бөлісті.

"Халқыма қолдағаны үшін шексіз ризамын. Ақтөбеге келгеннен кейін ғана жерлестерімнің қалай қарсы алғанын көріп, олимпиада жүлдегері болғанымды сезіндім. Отандастарымды Парижде өтетін олимпиадада алтын алқамен қуанту үшін бұдан да күштірек дайындалатын боламын",- деді Нұрислам Санаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұрислам Санаевқа BMW маркалы көлігінің кілті Алматы әуежайында табысталғанын жазған едік.

Нұрислам Санаев
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1926559-tokio-olimpiadasynyn-qola-zuldegeri-nurislam-sanaevqa-eki-bolmeli-pater-berildi-foto/