RU

Олимпиадада бокстан алтын алмаудың себебі неде: Бас бапкер жауап берді

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов. Фото: olympic.kz

Токио Олимпиадасынан кейін отандық боксқа қатысты сан алуан мәселелер айтыла бастады. Алтын алмаудың себептері де жан-жақты талқыланды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов осы жолғы команданың кемшін тұсын атап берді. Ал қазіргі бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев әріптесінің ойына қатысты өз пікірін білдірді. Сондай-ақ, бокс көшбасшылары атанған Олимпиадада не себепті алтын алмағанын ашық айтты.

Жігіттердің көзінде от жоқ

Токиода AIBA бокс турнирінен шеттетілген болатын. Себебі Рио Олимпиадасы кезінде төрешілікке қатысты дау-дамай көп болды. Артынан Халықаралық бокс федерациясы төрешілерді жазаласа да, Халықаралық Олимпиада комитеті өз шешімін өзгерткен жоқ. Осы жолы барлығын өзі ұйымдастырды. Бокста төрешілік барынша әділ әрі ашық болды. Оны Тұрсынғали Еділов та мойындап отыр.

"Төрешілік өте күшті болды. Оған дау жоқ. Әрбір раундтан кейін төрешілер берген ұпайларды көрсетіп тұрды. Бәрі ашық болды", - дейді Еділов.

Маманның ойынша, боксшыларымыз Токио Олимпиадасына дайындау жағынан қателік кетуі мүмкін. Олимпиадаға екі ай қалғанда Азия чемпионатына да апарды. Содан боксшылар зорығып кетті.

"Негізі, балаларымыз мықты. Олимпиаданың алдында Азия чемпионатына қатысты. Содан балалар Токиоға шаршап барды. Көзінде от жоқ қой. Ал бізге сол Азия чемпионаты керек болды ма? Токиоға дейін оқу-жаттығу жиындары қалай ұйымдастырылды? Одан кейінгі бос уақытты қалай өткізді?", - дейді Еділов.

Оның айтуынша, спортшыларды қалпына келтіру шараларын да ешқашан ұмытпау қажет. Сонда боксшы рингтен шаршамайды.

"Мысалы, бұрын жылына бір-екі рет Ыстықкөлге апаратын. Қазір неге жоқ? Жалпы осы мәселе ғана емес қой. Жоспарлау жағын жүйелі түрде қарастыру қажет. Боксшылардың бәрі шаршап тұрса, негізгі себебі неде? Дәрігер қайда? Әрбір боксшы үш минуттан кейін өз-өзіне қалай келеді? Қалпына келтіру тәсілдері қандай? Бұның барлығын зерделеу керек", - деп атап көрсетті Еділов.

Бұдан бөлек, әрбір боксшымен жеке-дара жұмыс жасау жағын да жетілдірген жөн. Әйтпесе, барлығын оқу-жаттығу жиындарына жинап апарады. Ал жеке спортшының қабілетін дамыту жағы ескерілмейді.

Күрестің деңгейіне түсіп қалмайық...

"Алдағы Париж Олимпиадасына қазіргі құраммен баруға болмайды. Бізде мықты боксшылар көп, жақсы балалар өте көп. Соларды неге апармаған? Мәселен, 63 келі салмақтағы боксшымыз 34 жаста. Левит жас емес. Қоңқабаев та 30-ға жақындап қалды. Левит Рио Олимпиадасында алтынға бір табан жақындады. Бірақ одан кейінгі жарыстарда тұрақты өнер көрсеткен жоқ қой. 2019 жылы Азия чемпионатында нокаутқа түскен. Осы жолы да солай болды. Жарайды, жасы үлкен боксшыларды апарайық, онда қалпына келтіру әдістемесін жан-жақты ойластырып алуымыз керек қой", - дейді Еділов.

Оның ойынша, бапкерлерге нәтижені ойлай бермей, эксперимент жасауға қорықпау қажет. Жас боксшыларға жол беру керек. Әйтпесе, бокс күрестің деңгейіне түсіп кетеді.

"Күресті көріп жүрсіздер ғой, үшінші орыннан аса алмай жатады. Ал финалда ресейлік палуандарға төтеп бере алмайтынын жақсы біледі. Спортшыларды 30 жаста апарады. Сонда тек қоланы алу үшін бара ма? Бокс та солай болады ғой", - деп атап көрсетті Еділов.

Осы орайда сарапшы бапкерлердің негізгі ұстанымына да тоқталды. Олар көп жағдайда тәжірибелі спортшыларды апаруға тырысады. Бірақ жас боксшылардың қарқынына кей кезде тәжірибелі спортшылар да төтеп бере алмайды.

"Мысалы, осы жолы бразилиялық боксшы (Эберт да Консейсан Соуза - Sputnik) келді де, Хижняктың өзін жеңіп кетті. Одан Әбілхан Аманқұл да ұтылды. Сол сияқты Қоңқабаев та жартылай финалды жақсы бастаған. Бірақ артынан америкалық боксшының соққысын өткізіп алды да, соңында жеңілді. Торрез әлі шикі боксшы, көрініп тұр ғой. Бірақ жеңіске деген жігері қатты, алған бетінен қайтпайды", - деді Еділов.

Бас бапкердің де айтар уәжі бар

Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Токио Олимпиадасының алдында боксшыларды жарыстарға қайта-қайта апарудың өзіндік себебі бар дейді.

"Былтыр пандемия басталды. Қатаң карантин болды. Артынан шектеу шараларын біртіндеп жеңілдете бастады. Сол кезде жігіттер формаға келе алмады. Сондықтан турнирден турнирге апарып жүрдік. Иә, мен шештім... Енді, мен ғана емес қой. Әрбір боксшының жеке бапкері бар. Олар да тәжірибелі мамандар. Бәріміз ақылдасып отырамыз. Бәлкім, бір нәрсені ескермеген шығармыз. Дегенмен, біз жігіттерді формаға келтіруге тырыстық. Соны ғана ойладық", - деді Кенжебаев.

Бас бапкер тағы бір маңызды мәселеге назар аударып, жас боксшылардың неге апармағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Олимпиада жолдамалары бір жарым жыл бұрын сарапқа салынған. 2020 жылы наурыз айында соңғы лицензиялық турнир өткен болатын. Ол кезде Токиоға жолдама алған боксшылардың дайындық деңгейі басқаша еді. Ал Олимпиада ойындарын бір жылға шегерді.

"Бір жыл бұрын қазіргі боксшылар басқаша бокстасатын еді. Бір жылдың ішніде олардың өкшесін басып келе жатқан жастардың дайындығы да күшейді. Мәселен, қазір Токио барған кейбір боксшылар көшбасшы емес. Оны Қазақстан чемпионаты да көрсетті. Мәселен, 91 келі салмақта мүлдем басқа боксшы. Левит ол чемпионатқа қатысқан да жоқ. Сол сияқты 63 келіде, тіпті, 52 салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы өзгерген", - деп атап көрсетті Кенжебаев.

Оның айтуынша, үш жылдан кейін Париж Олимпиадасына баратын боксшылар құрамы 80-90 процентке жаңарады.

"Бізде мықты боксшылар резерві бар. Сондықтан Парижге жақсы дайындықпен баруға болады. Боксшылар ауысады. Олимпиададан кейін біреулер спорттық карьерасын аяқтайды, енді біреулер кәсіби боксқа кетеді. Ал резерв бар, бізде супер резерв бар деуге болады. Париж Олимпиадасында боксшылар құрамы 80-90 процентке міндетті түрде жаңарады. Оларды кім дайындаса да, біз үшін сәтті Олимпиада болуы керек...", - дейді бас бапкер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1926591-olimpiadada-bokstan-altyn-almaudyn-sebebi-nede-bas-bapker-zauap-berdi/