Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай неге Олимпиадаға бармағанын түсіндірді

Опубликовано:

Боксшы
Фото: Instagram/nazym_kyzaibay09

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Токиода өткен Олимпиада ойындарына неліктен қатыспағанын түсіндірді деп жазады BAQ.KZ.

Боксшы Олимпиадаға бару арманы екенін, соған жету жолында тыңбай еңбек етіп жүргенін жеткізді.

Назым Қызайбайдың сөзінше, Токио Олимпиадасына бармауының өзіндік себебі бар.

"Риодағы Олимпиадаға да қатыса алмадым. Іріктеудің алғашқы ойынында жолдаманы Мэри Комға берген еді. Кейін елордада Әлем чемпионатында жолдама ұтамын деп ойладым. Бірақ Әлем чемпионатында мені 48 келіге түсіріп тастады. Салмағым аз деді. Сол кезде бабымда едім. Дегенмен ол жолы 48 келі салмақтағы екі дүркін Әлем чемпионы атандым. Рио солай өтті.

Кейін Токиоға дайындала бастадым. Өкінішке қарай, мұнда да жолым болған жоқ. Қазақстан бірінішілігінде ұтып, нөмірі 1-ші болып жүрсем де, Азияда өтетін жолдамалық турнирге 3-ші орын алған қызды жіберді.

Меніңше, оның себебін жаттықтырушы мен басшылықтан сұрау керек. Біз спортшы ретінде қолымыздан келгенін жасадық. Жақсы формада жүрдім. Сол кезде іріктеуге жібергенде, жолдама ұтып келер едім. Себебі Азияда жолдама алған қыздардың көбін ұтқан едім. Осы Олимпиадаға қатысқан қыздардың 4-5-уін ұтқан едім.

Өте өкінішті, Олимпиадаға біздің құрамадан ешкім бара алмады. Негізінен, алғашқы іріктеуден кейін екінші іріктеу болады деп айтқан. Өкінішке қарай, карантин кесірінен ол өтпейтін болды. Сосын жолдамалар бұрынғы жарыстардың рейтингі бойынша таратылып кетті. Соңғы Азия чемпионатында ұтсақ та, ол есепке алынбады. Осылайша, Олимпиаданың іріктеуіне мүлдем қатыспай, бара алмадым", - дейді ол.

Назым Қызайбай Олимпиадаға барғанда, кем дегенде медальмен оралатынын атап өтті.

"Бар күш-жігерімді салып, соңына дейін күресетін едім. Мақсатым мен арманым - Олимпиада. Денсаулығым жақсы болса, әлі де көп жаттығамын, дайындаламын. Олимпиадаға барып, алтын медаль алу үшін көп еңбектенемін. Ең биік арманым - қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болу.

Олимпиаданы барлығымыз ел болып көрдік. Қазір жаттықтырып жүрген жеке бапкерім де "Әттең, Олимпиадаға сен барғанда ғой" деп өкінішпен айтты. Бапкерім финалға дейін баратын едің деп айтып отыр. Кім біледі енді, бұйырғаны болды. Еңсемізді түсірмей, әрі қарай еңбектенеміз. Алдағы жарыстарға дайындаламыз.

Уақыт өткен сайын, жас та келіп жатыр. Бұрында "әлі жассың" деп айтатын. Қазір біздің да уақыт келіп жатыр. Сондықтан денсаулық барда, нәтижеге жету үшін еңбектенеміз", - дейді былғары қолғап шебері.

Боксшы сөзін қорытындылай келе Олимпиада үшін кәсіпқой боксқа ауыспағанын да жеткізді.

"3-4 жерден жақсы ұсыныс келіп түсті. Қазір ұсыныс қабылдасам, мақсатыма кедергі болады деп топшыладым. Себебі әуесқой мен кәсіпқой бокс екі түрлі. Жаттығулар да ерекшеленеді. Ойым мен мақсатымды бөліп-жарғым келмеді. Әуесқой бокста қалып, Олимпиадада жақсы өнер көрсетіп барып кәсіпқойға ауысам ба деп ойлаған едім. Қазір енді білмеймін.

Бірақ көп спортшы әуесқой мен кәсіпқойда да бағын сынап жүр. Қазір екеуін бірге алып жүруге болады. Бірақ мен Олимпиадаға барам деп дайындалдым. Соған ниет еттім. "Екі кеменің басын ұстаған суға кетер" демекші бөлінгім келмеді. Бар үміт Токио Олимпиадасымен аяқталмайды. Әлі де жаттыға береміз, шыңдала береміз. Ең бастысы - сағыңның сынбауы. Сондықтан бойда күш-жігер барда тек алға қарай қадам баса бермекпін", - дейді Назым Қызайбай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1926829-bokstan-eki-durkin-alem-cempiony-nazym-qyzaibai-nege-olimpiadaga-barmaganyn-tusindirdi/

pixel