RU

"Әкемнің арманын орындай алмадым": Балуан Данияр Қайсанов Олимпиададан кейінгі өкінішін айтты

Данияр Қайсанов
Данияр Қайсанов: olympic.kz, Жеңіс Ысқабай

Еркін күрестен Токио Олимпиадасында сынға түсіп, қола медаль үшін күресте жеңіліс тапқан Данияр Қайсанов ірі жарыстан кейінгі басты өкінішімен бөлісті. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Данияр Қайсанов еркін күрестен 74 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол жартылай финалда болашақ чемпион Заурбек Сидаковтан ұтылып, қола жүлдеге таласқан болатын.

Өкінішке қарай, кіші финалда өзбекстандық Бекзод Абдурахмановтан 2:13 есебімен ойсырай ұтылды. Осыдан соң балуан әлеуметтік желіге жазба қалдырып, әкесінің арманын орындай алмағаны үшін өкінетінін айтқан.

"Маған сенім білдірген адамдардың үмітін ақтамағаным өте өкінішті. Әкем екеуміз бала күнімнен осы Олимпиадаға ұмтылып едік. Бәрінен бұрын әкемнің арманын орындай алмай, жеңіс тұғырына шықпағаным үшін өкінемін. Олимп тұғырына шығу бақыты кез келгенге бұйыра бермейді. Бірақ біз осыған ұмтылдық қой", - деп жазды Данияр.

Айта кетелік, Данияр Қайсанов еркін күрестен 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Екі дүркін Азия чемпионы әрі Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Олимпиада қарсаңында Даниярдың әкесі Әлібек Қайсанов мезгілсіз дүниеден озды.

Еркін күрестен Қазақстан командасы Токио Олимпиадасынан бір қоламен оралды. Команда мүшесі Нұрислам Санаев 57 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке енген болатын.

Жалпы алғанда, Қазақстан командасы сегіз қола жеңіп алды. Тәуелсіздік алғалы бері қазақстандықтар алғаш рет жазғы Олимпиададан алтынсыз қайтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1926837-akemnin-armanyn-oryndai-almadym-baluan-daniyar-qaisanov-olimpiadadan-keiingi-okinisin-aitty/