Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысының әкімі Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөлік табыс етті (фото)

Опубликовано:

Қамшыбек көлік11
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысушылар Қамшыбек Қоңқабаев, Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбай туған жеріне оралды. Жерлестері спортшыларды Қорқыт Ата атындағы әуежайда салтанатты түрде қарсы алды.

Айтыскер ақын, "Алтын домбыраның" үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов спортшылардың құрметіне арнау арнап, сайыс барысында оларға бүкіл ел қызығушылықпен қарап, жанкүйер болғанын жеткізді.

арнау11
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевты жеңісімен құттықтап, өңірдің спорт тарихында алғаш рет бокстан Олимпиада медалі қоржынға түскенін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбайға әлі талай спорт бәсекесінде ел намысын, Сырдың абыройын биікке көтеретініне сенім білдірді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Қамшыбекті жеңісімен құттықтап, спортшыларымыз болашақта Париждегі Олимпиадада еліміздің атын шығарады деп сенім білдірді.

Өз кезегінде, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жерлестеріне ризашылығын білдірді және алдағы уақытта бұдан да зор жетістіктерге ұмтылатынын жеткізді.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Токио Олимпиадасына қатысқан қызылордалық спортшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбаймен кездесті.

спортшылар сыр елі11
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Аймақ басшысы Сыр жұртшылығы атынан Олимпиада ойындарында қола жүлдені жеңіп алған Қамшыбек Қоңқабаевты құттықтап, Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбайға ел намысын қорғағандары үшін алғысын білдірді және спортшылардың жеңісі Тәуелсіз Қазақстанның жүлде тайқазанына сырбойылықтар атынан олжалы сый болғанын атап өтті.

"Екі апта бойы барша облыс халқы аламанға үкілеп шығарып салған үміттерінің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа аттанған ұл-қыздарымыз сенімді ақтады! Ал Қамшыбектің алтынға бергісіз қола жүлдесі - талай бүлдіршіндердің қиялына қанат бітіріп, Сыр халқының көптен күткен асыл арманын жүзеге асырды.

Ел президентінен мемлекеттік Туды алу қашанда үлкен мәртебе, зор сенім! Бұл міндетті жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев абыроймен ақтап, байрағымызды Олимпиада төрінде желбіретті. Алдағы уақытта да Сыр спортшылары еліміздің Көк Туын халықаралық ареналарда желбірете берсін деген ізгі ниетімізді білдіреміз", - дейді облыс әкімі.

Биыл Сыр спортшылары толайым табыстарға қол жеткізуде. Жыл басынан жерлестеріміз ел біріншіліктерінде 700 медаль жеңіп алса, Әлем, Азия чемпионаттарында 46 медальға қол жеткізді.

Кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел намысын абыроймен қорғап шыққан Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөлік кілтін, Олимпиада ойындарының қатысушылары Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбайға және Қамшыбек Қоңқабаевтың бапкері Сейітжан Төкеновке 1 млн теңгенің сертификатын табыстады.

кездесу батырлармен11
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Елдің рухы мен мәртебесін көтерген спортшыларға "Dalatex" ЖШС-нің басшысы Димаш Әбишев, "Нұрлен" ЖШС-нің басшысы Қайрат Боранбаев, "Мелиоратор" ЖШС-нің басшысы Бердібек Мыханов және "Стандарт Ойл КЗО" ЖШС-нің басшысы Әділ Бижанов есімді Сыр бойылық меценат азаматтар демеушілік жасап, қолдау көрсетті.

Одан бөлек, шарада Спорт күні кәсіби мерекесіне орай №4 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Владимир Лептиков пен Қ.Мұңайтбасұлы атындағы спорт клубтың директоры Жамал Бозоваға ҚР Мәдениет және спорт министрінің төсбелгісі мен Құрмет грамотасы табысталды.

Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен жеке бапкері Сейітжан Төкенов спортшыларға көрсетілген қолдауға ризашылығын білдіріп, алдаға уақытта да жеңіс төрінен көріну үшін жұмыс жасайтынын айтты.

Сондай-ақ, жиында ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин Қамшыбекті жеңісімен құттықтап, Мөлдір мен Дәулетке алдағы сайыстарда сәттілік тіледі және әріптестеріне кәсіби мерекелеріне орай ізгі тілегін арнады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1926959-qyzylorda-oblysynyn-akimi-qamsybek-qonqabaevqa-avtokolik-tabys-etti-foto/

pixel