Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл жағдай маған ауыр тиді": Абылайхан Жүсіпов Токиодағы жеңілісі үшін жанкүйерлерден кешірім сұрады

Опубликовано:

Абылайхан Жүсіпов
Абылайхан Жүсіпов. Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитет

Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Абылайхан Жүсіпов Токио Олимпиадасындағы жеңілісіне қатысты пікір білдіріп, қазақстандық спортшылардың "алтынсыз" қалғанына өкінетінін жеткізді деп хабарлайды Olympic.kz.

Абылайханның айтуынша, қазақстандық спортшылардың оның ішінде боксшылардың алғаш рет Олимпиада ойындарынан алтын жүлдесіз оралуы өзіне де ауыр тиген.

"Қазақстан құрамасы тәуелсіздік жылдарынан бері алғаш рет жазғы Олимпиададан алтын жүлде алмады. Бұл жағдай маған ауыр тиді. Өйткені, боксшыларымыз әр Олимпиададан алтынсыз қайтпайтын. Токиода бізге мұндай бақыт бұйырмапты. Бәріміз де еліміздің көк туын желбіретеміз деп бардық. Бірақ команданың басым бөлігі сәтсіздікке ұшырады", – дейді боксшы.

Оның сөзінше, боксшылардың барлығы да Олимпиадаға үлкен дайындықпен барған.

"Көпшілігі боксшылардың көзінде от жоқ деп айыптап жатыр. Шамадан тыс жаттығу жасады деп сөгіп жатқандар да бар. Бұл пікірлермен келіспеймін. Өз басым Олимпиадаға нағыз бабымызда бардық деп айта аламын. Бапкерлеріміз де қолдан келгенін аяған жоқ", - дейді ол.   

Осы ретте боксшы әлеуметтік желі арқылы өкпе-назын білдіріп жатқан жанкүйерлерден, халықтан үмітті ақтай алмағандары үшін кешірім сұрады.

"Бізге тақым қысқан жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Үміттеріңізді ақтай алмадық. Жеке өзім алтын аламын, жеңіске жетемін деп барған едім. "Алтын" болмаған соң, жанкүйердің еңсесі түскені рас. Осы жағдай үшін тағы да кешірім сұраймын", – дейді Абылайхан Жүсіпов.

Еске сала кетейік, Абылайхан Жүсіпов Токиодағы Олимпиада ойындары кезінде алғашқы кездесуде-ақ америкалық боксшы Джонсон Делантеге есе жіберіп, жарысты аяқтаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1927620-bul-zagdai-magan-auyr-tidi-abylaixan-zusipov-tokiodagy-zenilisi-usin-zankuierlerden-kesirim-surady/

pixel