RU

"Бас бапкер сенбегенде қиналдым": Сәкен Бибосынов Токиоға баруының өзі екіталай болғанын айтты

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов: Жеке мұрағат

Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің ресми сайтына сұхбат беріп, Олимпиададан кейінгі әсерлерімен және көпшілік біле бермейтін кейбір деректермен бөлісті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Қолдау көрсеткен барша ағайынды көріп, өзімді қола жүлдегер емес, чемпион атанғандай сезіндім. Үлкені бар, кішісі бар, мені осы жеңісім үшін көкке көтеруде. Көп рахмет! Қуаныштымын! Әрине, өңірімде қола емес, алтын жарқырап тұрғада, Токиода елімнің байрағын ең биікке көтеріп, «Менің Қазақстанымды» шырқатқанда деген арман әлі де сайрап жатыр. Бірақ өткенді кері қайтара алмаймыз. Бір анығы – мен Токио шарша алаңына бар күшімді тастап шықтым. Ал жартылай финалдағы жеңілістен соң көпке дейін өзіме келе алмадым. Көзімнен жас шығып, өзімді тежей алмағаным да рас", - дейді боксшы.

Сондай-ақ, Сәкен өзінің жүлдесін кішкентай қарындасына арнайтынын айтқан.

"Біз үйде үш ұлмыз. Екі ағам бар, кейін үлкен ағам үйленіп, дүниеге тағы да ер бала келді. Жалпы есебі төрт ұл болған соң, қызды көп күттік. Токиода жүргенімде жеңгемнің ай-күні толып, дүниеге қарындасым келді. Мен үшін бұл керемет жаңалық болды. Сондықтан, ойланбастан жүлдемді кішкентай балапанға арнадым. Негізі, менің боксқа келуіме үлкен ағам себепкер атанғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ол да бокспен шұғылданатын, соның формасын, қолғабын киіп, жұдырықтасу өнеріне зейінім ашыла бастады. Ең алғашқы бапкерім деп туған ағам Тастемірді айтсам, артық емес", - деді Бибосынов.

Сакен Бибосынов
Сакен Бибосынов. Фото: Dan Mullan/Getty Images

52 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Сәкен өзінің Олимпиадаға лицензия алса да, бару-бармауы ең соңына дейін белгісіз болғанын мәлімдеді. Өйткені, бас бапкер басқа боксшыны апаруды көздеген.

"Ел чемпионатының финалында Махмұд Сабырханнан ұтылған соң, әлеуметтік желіде түрлі пікірлер жазыла бастады. Әрине, Олимпиадаға баратын адамның ішкі біріншілікте ұтылғаны кімге де болса ұнамайды. Осыдан соң, құрама бапкерлерінің де ойы өзгерді. Естеріңізде болса, Халықаралық Олимпиада комитеті бокстан әлемдік іріктеу турнирін өткізуді жоспарлаған. Алайда, пандемияға байланысты аталған бәсекені өткізуден бас тартты.

Міне, сол жарысқа Махмұд Сабырхан барып, жолдама ұтып алатын болса, мені елде қалдыратын еді. Бұл туралы маған ашық айтты да. Бапкерлердің маған сенбегені де одан әрі қамшылай түсті. Барымды салып дайындала бердім.

Жеке бапкеріммен бірге ең соңына дейін үміт үзбедік. Осылайша, әлемдік іріктеу турнирі өтпейтін болған соң, Олимпиадаға анық баратынымды білдім. Яғни, Токио ойындарының басталуына екі жарым ай қалғанда ғана көңілдегі алаң кетті. Олимпиада баруымның өзі екіталай еді", - дейді ол.

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов. Фото: t.me/olympickz

Сәкен Бибосынов ел боксшыларының ширек финалға дейін жеңілгені де психологиялық тұрғыда ауыр соққанын айтқан. Ол күзде өтетін бокстан әлем біріншілігіне қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1927836-bas-bapker-senbegende-qinaldym-saken-bibosynov-tokioga-baruynyn-ozi-ekitalai-bolganyn-aitty/