RU

Жасөспрімдер арасында ММА чемпионы болып үлгерген орамалды қыз жайлы не білеміз (фото)

Спортшы
Фото: Райяна Акдавлетованың жеке мұрағаты

ММА –  әлем бойынша жоғары сұранысқа ие спорт түрі. Бұл спортпен кәсіби түрде айналысатын қыздардың қатары да өте көп. Солардың бірі - алаңға хиджабпен шығатын қазақстандық Райяна Акдавлетова деп жазады Азаттық рухы.

Мектепті жақында ғана бітірген Райяна Акдавлетова бүгінде спортқа толық ден қойған.

Алғашында өз-өзін қорғау үшін спортқа бет бұрған жасөспірім қыз өзіне керегінің бәрін спорт залынан тапқанын жасырмайды.

"Қазір жасым 17-де. Орал қаласының тумасымын. Мектепті бітірдім. Бірақ биыл ешқайда оқуға тапсырмаймын. Себебі, осы жылы спортқа толығымен ден қоюды шештім. Спортпен айналысқаныма төрт жылдай болды. 2017 жылы бастадым. Алғашында таэквондомен айналыстым. Кейін тай боксымен, қазір ММА-мен айналысамын. Бұл спортта жүргеніме жарты жыл болды", - дейді Райяна.

Оның сөзінше, ММА-ға ауысуына осы салада жүрген құрбылары әсер еткен.

"Осы жылы Алланың қалауымен жоғары көрсеткіш көрсетіп, МАА-дан жасөспірімдер арасында алғаш рет чемпион атандым. МАА-дан Қазақстан чемпионатында қарсыласымды қылғындырып, жеңіске жеттім. Әлем чемпионатында да дәл солай болды. Чемпионатқа 25 елден 400-ге жуық жас спортшы қатысты. Финалда украиналық қызбен кездестім. Ол мені бірінші раундта қылғындыра бастады. Бірақ соңына дейін берілмей, шыдап бақтым. Бұл уақыт мен үшін өте ауыр болды. Үшінші раундта мен оны қылғындырып жеңіске жеттім. Сол жарыстан кейін өзіме қатты таңғалғаным есімде", - дейді Райяна.

Райяна МАА-дан ғана емес панкратионнан да Қазақстан чемпионы.

Дегенмен жасөспірімнің аралас жекпе-жек сынды спорт түрімен айналысуына бастапқыда ата-анасы қарсы болған.

"Спортқа бұрыннан қызығатынмын. Басында ата-анам қарсылық танытты. Десе де, кейін менің таңдауымды қолдады. Табандылығымның арқасында әлі күнге дейін спорттамын. Өзіңіз білесіз, спортта төзім керек. Әсіресе, қыз балаға бұл екі есе ауырға түседі" , - дейді ол.

Райянаның ата-анасы намазхан кісілер. Кішкентай кезінен діни тәрбие алып өскен ол орамалы спортта еш кедергі келтірмегенін айтады және өзіне қатысты түрлі пікірді қалай қабылдайтынын айта кетті.

"Отбасымның барлық мүшесі намаз оқиды. Хиджабты бала кезден бастап кидім. Орамалым спортта еш кедергі келтірген емес. Дегенмен, қоғам хиджаб киіп, оранғандарды әлі толық қабылдаған жоқ. Сондықтан, көбісі бұл жолға үлкен шешіммен келеді. Ал менің жағдайымда бұл үйреншікті нәрсе болды. Себебі, үйде сондай тәрбие алдым.

Жан-жақтан келетін пікірлерге мүлде назар аудармаймын. Қызықтырмайды. Әр адамның пікірі бар. Оның бәрін көңілге ала беруге болмайды деп ойлаймын. Әлем чемпионатында орамалмен жібермейді деп уайымдадым. Алайда, ол жақта менің орамалым туралы бір сөз айтылған жоқ. Оның үстіне орамал ығайлы. Шашың түсіп, кедергі келтірмейді", - дейді спортшы.

Райяна қанша мықты спортшы болса да, өмірде адамдарға күш көрсетуге мүлде қарсы екенін атап өтті. Ол қыз балаға табиғатынан берілетін сұлулық пен нәзіктіктікті сақтай білуі маңызды екенін жеткізді.

"Жекпе-жек, төбелес - мұның бәрі мен үшін тек спорт. Өмірде мұндай күш көрсету жағдайы болған жоқ. Қарсыласыма келсек, ол өз еркімен, өз келісімімен жекпе-жекке келді. Яғни, ешкім оны еркінен тыс ұрып-соқпайды. Ережесіз жекпе-жек деп аталғанымен, оның да өзіндік ережесі болады. Өмірде мені сабырлы, байсалды көріп қалған жандар жекпе-жекті көргенде таңғалып жатады. Әрине, өзің таңдап келген жол болғандықтан, кері шегіне алмайсың. Не сен, не ол жеңіске жету керек.

Екі образды алып жүру мен үшін қиын емес. Өмірде мен барлық қыздар сияқты көйлек киіп, нәзік бола аламын. Себебі, қыз баласы әрдайым әдемі, көркем болып қалуы керек. Басты ерекшелігіміз де осында.

Көптеген ата-ана қыздарын спорттың ауыр түріне бермейді. Ер балаша ойлап, дене пішіні өзгеріп, мінезі де ауырлай түседі деп есептейді. Әрине, бұл пікір орынды. Десе де, бұл әр спортшының өзіне байланысты деп ойлаймын. Әрдайым, шынайы қалыпта қалу керек. Мен де бұрын ер балалар сияқты жүріп, өзімді солай ұстайтынмын, кейін бұл ісімнің қате екенін түсіндім. Оның үстіне орамалда жүргендіктен, оның жауапкершілігін көтеріп, соған лайықты болу керек", - дейді Райяна.

Сөзін қорытындылай келе Райяна Акдавлетова алдағы жоспарларымен бөлісті.

"Үлкен арманымдарымның бірі - мұсылман қыздарға арналған зал ашу. Себебі, ер адамдардың көбі әйеліне залға келіп, айналысуға рұқат бермейді. Спортпен айналысқысы келетін орамалдағы қазақстанық қыз-келіншектердің қатары көп. Сол жандарға қолдау білдіргім келеді. Жалпы, жоспарымның бәрі спортқа қатысты. Жастарды спортпен шұғылдануға, шымыр болуға шақырамын", - деп қорытындылады сөзін спортшы қыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1929697-zasosprimder-arasynan-mma-cempiony-bolyp-ulgergen-oramaldy-qyz-zaily-ne-bilemiz-foto/