RU

Әлем чемпионатына іріктеу: Қазақстан құрамасы сырт алаңда Босния және Герцеговинамен тең ойнады

Футбол
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Босния және Герцеговинамен кездесті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Зеница қаласында өткен тартысты матч 2:2 есебімен аяқталды.

Есепті матчтың 52 минутында Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат ашты. Отандасымыз әріптесі Асхат Тағыбергеннің бұрыштама добынан берген пасын сәтті пайдаланды.

Араға он сегіз минут салып, алаң иелері есепті теңестірді. Он бір метрлік айып добынан Босния және Герцеговинаның "жұлдызы", "Ювентус" сапында жасындай жарқылдаған Миралем Пьянич мүлт кеткен жоқ.

Ал 86-минутта қосалқы құрамнан алаңға шыққан Лука Менало Қазақстан құрамасының қақпашысынан айласын асырды.

Ойынның негізгі уақытына бас төреші алты минут уақыт қосты. Қосымша уақытта Босния және Герцеговинаның капитаны Эдин Джеко Асхат Тағыбергенді шалып жықты.

Нәтижесінде төреші айып соққысын белгілеп, жиырма метрдей жерден Бақтиер Зайнутдинов есепті теңестіріп кетті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда және "Астана аренада" Украинамен тең ойнаған еді.

Сонымен қатар, Франция мен Финляндияға есе жіберді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1930981-alem-cempionatyna-irikteu-qazaqstan-quramasy-syrt-alanda-bosniya-zane-gercegovinamen-ten-oinady/