Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қырғыз қызына қазақтар атынан 100 доллар бердім": Токиоға барған фотограф ерекше естеліктерін бөлісті

Опубликовано:

Айсұлу Тыныбекова, қырғыз балуаны
Айсұлу Тыныбекова, қырғыз балуаны: olympic.kz, Жеңіс Ысқабай

Фотограф Жеңіс Ысқабай Токиодағы Олимпиада ойындарын бастан-аяқ түсіріп, төрт жылда бір соғатын әлемдік жарыстың тарихын жазуға үлес қосты. "Жетісу" газетіне сұхбат берген ол Олимпиададағы ең қызықты сәттерді еске алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Спортшыларға нақты не жетпегенін білмедім. Оны мамандар айта жатар. Ал мен көргенімді айтайын. Шет елдің спортшыларына қасында жүргендерден бастап бәрі "сен үздіксің" дегенді миына құйып тастағандай. Оның үстіне өзіне деген сенімділікті арттырған. Олар алаңға, болмаса бозкілемге шықса шынымен де соңына дейін күреседі. Тап бір шылбырынан босап шыққан жараған аттай.

Мәселен, жапониялық дзюдошы Сехэй Ононы алып қарайық (2016 жылы Риода, 2020 жылы Токиода Олимпиада чемпионы болды), ол өзіне сенімді, татамиде өзінің қожайын екенін білдіріп, әр іс-қимылымен оны көрсетіп отырды.

Жеңгеннен кейінгі сенімді көзқарасты айтсаңызшы?! Ал мен риза болған қазақстандық спортшы болса, ол – Елдос Сметов. Оның соңына дейін күрескені, әдіс-айла жасаудағы шеберлігі қатты ұнады. Риза болдым. Қалған спортшыларымыздың басым көпшілігенде физика бар шығар, бірақ өзіне деген сенімділікті сол сәтте жоғалтып алып жатты.

Жігер мен қайратты қоса білмеген сияқты. Көпшілігі шамадан тыс мәдениетті, сабырлы ма деймін. Олар сайысқа келген жоқ па, керсінше көрінетін тұсы осы емес пе?!..", - дейді фотограф.

Сондай-ақ, Жеңіс Ысқабай Токио Олимпиадасындағы ең ерекше сәттерді де еске алған.

"Ерекше әсер қалдырған грек-рим күресінен төрт Олимпиаданың алтынын алған (Бейжің 2008, Лондон 2012, Рио 2016, Токио 2020) аса ауыр салмақта күрескен 38 жастағы кубалық Михаин Лопес болды. Финалда грузин Якоб Каджаяны қалай әдемі жеңіп кетті?! Жеңгеннен кейін көз алдымда Лопес "сальто" жасады. Ойлаңызшы, 130 келі. Соны суретке түсіріп алдым.

Одан кейін ерекше әсер еткен ол қырғыз қызы Айсұлу Тыныбекова (Токио Олимпиадасында күміс алды). Финалда жапон қызы Юкако Кавайдан жеңілді. Күміс алды. Көңіл-күйі жоқ. Көрші елдің қызының жетістігіне қуанып, көңілін аулау үшін жеке фотоға түсіріп алдым. Содан: "Қазақтардың атынан көрімдік, күресіңе ризамын", – деп өзімде бар 100 АҚШ долларын қолына ұстатып жібердім. Жанкешті күрес көрсетті.

Осыған дейін 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында жеңімпаз болғанда, қатты риза болып едім. Сол суреттер өзіме ерекше ұнады деп айта аламын", - дейді Жеңіс Ысқабай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1931139-qyrgyz-qyzyna-qazaqtardyn-atynan-100-dollar-berdim-tokioga-bargan-fotograf-erekse-estelikterimen-bolisti/

pixel