Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сапарбаев: Олимпиада чемпиондарын дайындауымыз керек

Опубликовано:

Кеңес
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Бүгінде Жамбыл облысында спорттың 74 түріне баса назар аударылған болса, оның 25-і олимпиадалық спорт түрлерінің санатында. Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбеген және ұлттық спорт түрлерінен облыс спортшыларының жеткен жетістіктері аз емес. Алайда, Олимпиада ойындарына санаулы спорт түрлерінен (бокс, дзюдо, еркін күрес, таэквондо) ғана жолдама алуымыз, 17 жылдан бері Олимпиада чемпионын шығара алмай жүргеніміз ойландырмай қоймайды. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі бұқаралық спортты дамытудың жолдары және спортшылардың жетістіктері сараланды.

«Бұқаралық спортты дамытуға қатысты Елбасының, Президенттің нақты тапсырмалары бар. Бізде бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатары 32 пайызға жеткенімен, көрсеткішіміз әлі де төмен. Кәсіби спортқа келсек, 2004 жылғы Бақтияр Артаевтан кейін Олимпиада чемпионын шығара алмадық. Содан бергі аралықтағы 17 жылда бар болғаны үш жүлде бұйырған. Оның екеуі дзюдошы Елдос Сметовке тиесілі болса, біреуін еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров алған», - деді облыс басшысы.
Бердібек Сапарбаев
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
Әлем чемпионаттарындағы нәтижелер де көңіл көншітпейді. Бөлінген қаражат қомақты. Қаншама нысан салынған. Ұлттық құрамада бақ сынайтын баламыздың саны көп, нәтиже жоқ. Спорт мектептерінде 10-15 жыл бойы басшы болып отырған азаматтар бар. Бірақ, олимпиадалық спорт түрлерінен көрсеткен нәтижелері шамалы. Бапкерлерде де өсу, өркендеу байқалмайды. Басқа өңірлердің намысын қорғап жүрген спортшыларымыз да бар. Солардың тізімін жасап, өзімізге қайтару керектігін де айтып жүрміз. Бір-бірімізді мақтағаннан еш нәрсе өнбейді. Не істеуіміз керек, қай жерде мүл кетіп жатырмыз?», - деді Бердібек Сапарбаев.
Кеңес
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

«Біз ол спортшыларды тәрбиелейміз, жарыстарға қатысуына қаржы бөлеміз, сөйте тұра өз спортшыларымыздың ұлттық құрамадағы дайындығына араласа алмаймыз дейсіздер. Олай болмауы керек. Көкпардан, тоғызқұмалақтан, армреслингтен алған жүлделерімізбен мақтанбайық. Волейбол, теннис, жүзу, гимнастика секілді спорт түрлеріне назар аударған жөн. Грек рим күресі, еркін күрес, ауыр атлетика, жүзу секілді олимпиадалық спорт түрлерінде нәтиже жоқ. Өз кезегінде Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков кеткен кемшіліктермен жұмыс жүргізілетінін айтты. Мұнан соң облыстағы бірқатар спорт мектептерінің нәтижесінің төмендігін сынға алды», - деді әкім.
«Талас ауданындағы №32 мектепте ұзақ уақыттан бері жоғары деңгейдегі нәтиже жоқ. Нашар. Нөмірі 34 мектепте де жағдай сондай. Басқа аудандарда да жағдай солай. Кейбір спорт мектептері спорттың он, тіпті, он бес түрін алып алған. Бірақ нәтиже нөлге тең. Басқарма неге осының бәріне талдау жасамайды?», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс басшысы бапкерлермен жұмыстың қай деңгейде екенін де сұрады.

«Әлем, Азия деңгейінде жақсы нәтиже көрсеткен бапкерлерді қойып отырмыз. Жас, мықты бапкерлерден тәлім алған жастар қазір жақсы табыстарға қол жеткізіп жатыр. Осыдан үш жыл бұрын таңдаған бапкерлердің балалары енді жастардың қатарына қосылды», - деді Нұрбол Жүнісбеков.
Кеңес
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

«Әулиеата жерінде талантты спортшылар аз емес. Олардың мүмкіндігін пайдалану керек. Б.Артаев секілді өзге де жүлдегерлерді дайындаған мамандар – мықты бапкерлер. Соларды әрмен қарай қолдап: «Бақтиярдың орнын басатын басқа бір спортшы шығуы керек» деген талап қойылуы тиіс. Одан бөлек, федерациямен жұмыс нашар сияқты. Дене шынықтыру сауықтыру кешендерінің кейбірі әлі күнге балансқа алынбаған. Басқарма көзбояушылықпен айналыспауы керек. Сол кешендерді көрсеткенде бәрі жақсы дейсіздер. Кімге не жетіспейтінін неге маған ашық айтпайсыздар? Сонда біз кімді алдап жүрміз», - деді облыс басшысы.

Кездесу барысында Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясының облыстық филиалының директоры Бейбіт Ыстыбаев нәтиже болуы үшін бас бапкерлерден сұрау және жүктелген жауапкершілік мықты болуы қажет. Ал нәтижесі жоқ бапкерлер ойлануы керектігін айтты.

«Бұндай еркін кездесу өтпегелі көп болды. Осы орайда тағы бір мәселені ашып айтқан жөн сияқты. Аудандардағы спорт мектептерінің бюджетіне көңіліміз толмайды. Мықты балалар ауылдарда жүргенін ескерсек, сол жақтағы спорт мектептерінің жағдайын жасауды ойластырғанымыз жөн. Кеңес үкіметі тұсында спорт шеберіне үміткер, спорт шебері атақтарын алу қиын болған. Ал қазір басқаша. Серіктің, Мараттың турнирінде жеңгендер де спорт шебері боп шыға келеді. Ел чемпионатын ұтып алса мақұл ғой. Қысқасы, біз бапкерлер мәселесіне мұқият қарауымыз керек. Шын мәнінде мықты саналатын он саусақтан аспайтын бапкер бар. Әркім өз деңгейінде болуы керек», - деді үш дүркін «Қазақстан барысы».
Кеңес
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Мұнан соң облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының басшысы Ақжүрек Таңатаров спортшылардың жаттығу жиынын өткізу үшін Қырғыз республикасына барып жататынын сынға алды.

«Қырғыз республикасына барғаннан ештеңе ұтпаймыз. Олар бізге түк бермейді. Мәселен еркін күрес шеберлері шеберліктерін толыстыру, бәсекеге қабілетті болуы үшін Дағыстанға барғаны дұрыс. Барлық спорт түрлерінде сондай көзқарас керек. Қай спорт қай жақта мықты дамыса, сол жаққа жаттығуға барғандары жөн», - деді Ақжүрек Таңатаров пікірімен бөлісіп.

Жиында Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиев Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ф.Цой, спорт ардагері М.Жақыт, «Жамбыл облысының спорт ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Әшімов өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі спорт мектептеріндегі жұмыстарды жүйелеуді және ең негізгі мақсат келесі Олимпиадаға спортшыларды әзірлеу керектігін шегелеп тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1933151-saparbaev-olimpiada-cempiondaryn-daiyndauymyz-kerek/

pixel