Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Командада бір де бір атыраулық жоқ": Атырау" ФК жанкүйерлері басшылықтың қызметтен кетуін талап етті

Опубликовано:

Жанкүйерлер
Кадр: "Астана" арнасы

Атырауда футбол жанкүйерлері "клуб басшылығының жұмыстан кетуін" талап етуде. Ел чемпионатының "Атырау-Тобыл" кездесуіне жиналғандар соңғы жылдары жеңілістен көз ашпаған құрамаға жаңа басшылық керек екенін айтып, дабыл қақты деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Олардың сөзінше, 2018 жылы футбол клубы сенімгерлік басқаруға берілгелі ойыннан береке кеткен.

"Олардың біреуі бокспен, біреуі күреспен айналысқан. Сондай кісілер біздің футболды басқарып отыр. Қалай сенімгерлік басқаруға берілді, солай бірінші лигаға кетті. Қазір командада бір де бір атыраулық жоқ. Олар бөлек дайындалады. Командаға армениялықтар жиналды", - дейді "Атырау" ФК жанкүйері Боран Мұхамбетжанов.

Тағы бір жанкүйер Сәрсенбай Қалиевтың айтуынша, жаттықтырушы жиі өзгереді, алайда еш нәтиже жоқ.

"Кілең поляк, беларусь, бразилиялық, африкалықтар жүр. Біздің балалар жоқ. Жанымыз ашып командаға ағалардың артынан еріп келіп отырмын мен", - дейді ол.

Жанкүйерлер клуб басшылығы жан-жақтан легионерлерді жинап, бюджет қаржысын оңды-солды шашып жатыр деген пікірде. "Нәтиже көңіл көншітпейтініне" ашынған олар облыс әкіміне де, президент аппаратына да хат жазған.

"Облспорт "мен тек қана ақша бөлемін, мен ешқандай құжатқа қол қоймаймын. Сенімгерлік басқару облқаржыда" дейді. Бюджеттің ақшасы бөлініп жатыр. Бәрі "мен білмеймін" дейді, сонда кім біледі. Біздің бүкіл жанкүйерлердің тілегі - сенімгерлік басқарудан алып тастап, қайтадан үкіметке берсе, үкімет қайтадан өзі тексеріп отырады ғой шығарған ақшасын", - дейді жанкүйерлердің бірі Мұрат Әбдіров.

Бас бапкер болса, жанкүйерлердің пікіріне қарамастан, ешқайда кетпейтінін мәлімдеді. Ол команданың жеңілісіне пандемия кезінде жанкүйерсіз өткен ойын әсер еткенін айтады.

"Кету қашан да оңай. Мен кетуді жоспарлап отырған жоқпын. Алда әлі 4 ойын бар. Біздің құрамамыз өте жақсы. Былтыр пандемеяға қатысты алаңға жанкүйерлер келмеді. Ол нәтижеге әсер етті. Ал мамыр айындағы бірнеше ойында жеңіске жеттік. Бізге жанкүйерлер жетпеді", - дейді "Атырау" ФК бас бапкері Арам Восканян.

Ал клуб директоры бұл біреулердің тапсырмасы болуы мүмкін деп топшылайды.

"Өздері стадионға келіп, ойын қарамаған адамдар. Олар нәтижені қарайды. Бір де нөл, немесе тепе-тең болып қалса, сондай жағдайлармен қозғалған әңгімелер. Бұл бір адамдардың тапсырмасы", - дейді "Атырау" ФК директоры Қонсыбай Шпанов.

Айта кетейік, қазір құрама ойын кестесі бойынша 10-ыншы орында. Алда тағы кездесу бар. Бірақ, жанкүйерлер алда нәтиженің өзгеруі екіталай деп отыр.

Б. Нәдірқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1934413-komandada-bir-de-bir-atyraulyq-zoq-atyrau-fk-zankuierleri-bassylyqtyn-qyzmetten-ketuin-talap-etti/

pixel