RU

Артаев боксшылардың Токиодағы сәтсіздігі үшін кешірім сұрады

Бақтияр Артаев
Бақтияр Артаев. Фото: egemen.kz

Вел Баркер кубогының иегері, Афины Олимпиадасының жеңімпазы, халықаралық спорт шебері Бақтияр Артаев Токиодағы боксшылардың сәтсіздіктері үшін кешірім сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас Ассамблеясының отырысында айтты.

"Токио Олимпиадасында көрсеткен өте сәтсіз нәтижелеріміз үшін кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта сараптама, жүйелі жұмыс жасап, келесі Олимпиада ойындарында өзіміздің бұрынғы көрсеткіштерімізге қайта оралып, жоғары нәтиже көрсетеміз деп сендіргім келеді.
Қолдауларыңыз үшін алғысымды білдіреміз. Әрі қарай жүйелі жұмыс жасап, спорттық нәтижелерді көтереміз. Ешқандай сұрақ жоқ, рахмет айтқым келеді", - деді ол.

Еске сала кетейік, Токио Олимпиадасында Қазақстан боксшылары екі қола медаль иеленді. Бұл тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан командасы көрсеткен ең төмен нәтиже. Токио Олимпиадасында Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов үздік үштікке енді.

Қазақстан боксшыларының ең үздік нәтижесі 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында тіркелген. Аталған додада қазақстандықтар 2 алтын, 2 күміс иеленген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1934547-artaev-bokssylardyn-tokiodagy-satsizdigi-usin-kesirim-surady/