Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үйленіп кетуім де мүмкін": Қуат Хамитов жеке өмірі мен мансабына қатысты жоспарын бөлісті

Опубликовано:

Қуат Хамитов1
Фото: instagram.com/kuat__khamitov

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері, "Найман" лақап атымен танымал Қуат Хамитов KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, кинодан алған әсерін, сонымен қатар алдағы жоспарлары жайлы айтты.

Жақында комедиялық жанрдағы фильмге түскен Қуат Хамитов кино саласына жасаған қадамы өзіне жаңалық болмағанын жеткізді.

"Киноға түсу ұнады. Бұрыннан түскім келетін. Спорттағы мансабым аяқталғаннан кейін киноға түсу туралы ой бұрыннан бар. Сондықтан бұл мен үшін жаңалық емес. Киномыз халыққа ұнап жатса неге жалғастырмасқа?! Өз басым фильм көпшілікке ұнайды деген сенімдемін. Онда оқиға желісі ерекше, бұрын мұндай түсірілімдер бізде болмаған. Басты кейіпкер біреу емес, бірнеше адам. "Бұл кино сендерге арналып жазылды" деген соң бірден келістік. Киноның екінші бөлімі Дубайда түсіріледі", - дейді ол.

Хамитов спорттағы карьерасын алдағы онжылдықта аяқтамайтынын айтты.

"Енді он жыл спортта жүру - менің армандарымның бірі. Денсаулық жақсы болса, 2030 жылға дейін шыдасам деген мақсат бар. Екіншіден, кәсіпқой бокста 61 жекпе-жек өткізіп, оның 56-сында жеңіске жеткен Мұхаммед Әлидің рекордын қайталағым келеді. Қазір менің жекпе-жектерімнің саны отыздан енді асты", - дейді спортшы.

Спортшы кезінде Сабина Алтынбековаға сезімін әлеуметтік желі арқылы білдіріп, көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны ел есінде. "Сол кезде Хамитовтың сезімдері шынайы болды ма?" деген сауалға да жауап берді.

"Сезім болған кезде... Араласып жүрдік. Оған "бір жылда күйеуге шықпасаң, сені алып қашамын" дегенім рас. Қазіргі уақытта карьера мен үшін басты орында. Алдағы бір-екі жылда үйленуге дайын емеспін. Бірақ өмірде көп нәрсе тосыннан балып жатады ғой. Кім біледі, бір қыз кездесіп қалып, ессіз ғашықтықтан үйленіп кетуім де мүмкін. Өзім шешімді тез қабылдайтын адаммын. Бәрі аяқ асты болып жатады. Достарым да өте көп. Кейде үйленсем, достарымды мейрамханаға қалай сыйғызамын деп ойлаймын. Тойымның қонақтары 500 адамнан аз болмайды", - дейді ол.

Сонымен қатар, спортшы қоғамдағы жағдайларға қатысты білдірген шулы пікіріне ешкімнің тыйым салмайтынын айтты.

"Маған "неге ондай пікір білдірдің?" деп ешкім айтпаған. Мен өзім сондай адаммын, "істеме" деген сайын, істегім келіп тұрады. Сондай қасиетімнің бары рас", - деген Қуат Хамитов өзіне қандай жағдайлардың мотивация беретініне тоқталды.

"Өзіңнен мықты адам болса, сол саған мотивация болу керек. Бізде мықтылар көп. Жалпы, өмірдің әр сәтінен мотивация ала білу керек деген пікірдемін. Кейде көшеде жағдайы төмен адамдардың көмек сұрап тұрғанын көргенде "үлкен дәрежеге жетіп, осыларға көмектессем" екен дейсің. Туған-туыс, достарыңның өзі мотивация. Мешіт, мектеп салғым келеді.

Осы жерде жастарға мақсат қоя біліңдер дегім келеді. Қазір спортпен айналысатын жастар да көп емес. Интернетте отыра бермеу керек. Бірінші байлық - денсаулық дегенді түсінбейтін едік. Қазір ХХІ ғасырда ауру-сырқау көбейіп кетті. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстауға шақырамын. Еліміз аман болсын, тек тыныштық болсын. Қазақ елі үшін қызмет етіп, елімізді көтерейік. Азғантай ғана қазақпыз", - дейді Қуат Хамитов.

Айта кетейік, аралас жекпе-жек шебері Ақтөбеде алғаш рет өткен "Wrestling Stars" жарысында өнер көрсетті. Ол грек-рим күресінен Азия чемпионы Әсет Иманбаевпен белдесті. Қуат қарсыласынан жеңілсе де бала күнгі кумирімен бір кілемде белдесу арманы болғанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/1938684-kinoga-tusu-unady-quat-xamitov-sportty-tastap-sou-bizneske-kete-me/

pixel