Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ла-Манш бұғазының 68 шақырымын жүзіп өткен қазақ қызы туралы не білеміз

Опубликовано:

Фото
Фото: Мадина Құрманбаева

Ашық суда жүзумен айналысатын әуесқойлар үшін Ұлыбритания мен Францияның арасын бөліп тұрған Ла-Манш бұғазын бағындыру үлкен жетістік. Қазақстандықтардың арасынан бұл межені алғаш болып Әнел Сытдықова орындады. Одан кейін ағымдағы жылдың қыркүйек айында Мадина Құрманбаева Ла-Маншты гидрокостюмсіз жүзіп өтті. Отандасымыз бұдан бөлек Ыстық­көлді жүзіп өткен тұңғыш қазақстандық ретінде де белгілі деп жазады деп жазады Түркістан басылымы.

Мадина Құрманбаева Ла-Манш жүзудің "Эвересі" екенін, оны бағындыру үшін екі жыл бұрын тіркелгенін жеткізді.

"Альпинистер ауа райы құбылмалы болу себебінен Эвересті бірден бағындырмайды, сол секілді Ла-Маншта да ауа райы мың құ­бы­лады әрі суы мұздай суық болады. Мара­фон өтетін күн бекітілсе де, қашан бастайты­ның белгісіз. Ауа райының қо­лайсыздығына байланысты тіркелген адамның барлығы бірдей діттегеніне жете бермейді", - дейді ол.

Мадина Ла-Манш бұғазының қанша шақырымын жүзіп өткенін және қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді.

"Ла-Ман­штың тік бағытта өлшенген қашықтығы – 34 шақырым. Әдетте көпшілік осы қашықтыққа жүзгенді жөн көреді. Алайда түрлі себептермен, әсіресе ауа райына байланысты түрлі қашықтық тіркеледі. Мәселен, маған белгіленген меже 46 шақырым болды. Алайда Ла-Манш Атлант мұхиты мен Солтүстік теңізді жалғап жатқандықтан, онда судың ағысы біресе жиілейді, біресе бәсеңдейді.

Сондықтан ағыс әр алты сағат сайын өзгеріп отырады, тиісінше мені жан-жаққа "лақтыра­ды", оның үстіне жолай медузаларға бірнеше рет тап болдым, олардан "құтылуым" керек болды. Осы себепті маған белгіленген бағыт біз күткендей тік емес, S пішіндес бағыт шық­қандықтан, 68 шақырымды жүзіп өттім. Бұл 16 сағат 54 минутқа созыл­ды. Ал негізінде техникалық тұрғыдан қара­ған­да "менің қашықтығым" – 46 шақырым", - дейді Мадина.

Отандасымыздың сөзінше, Ла-Манш бұғазын гидрокостюммен жүзіп өтуге бо­лады, бірақ ұйымдастырушылар бағындырған межені есепке алмайды екен.

"Көбіне бейресми марафонда жүзетін жүзушілер гидрокостюм киеді. Ресми бақылаушы алдымен үстіме киген киімді, соның ішінде қандай баскиім кигенімді тексереді, сосын олар мінген қайыққа сүй­кенбеуімді қадағалайды. Одан бөлек, ол қоз­ғалыс траекториясын түзетіп, хронология жүр­гізіп отырады", - дейді Мадина Құрманбаева.

Мадина жүзу кезінде 45 минут сайын әлденіп отырғанын жасырмады.

"Қолдаушылар тобы маған спорт­шы­лар үшін ең тиімді энергия көзі санала­тын көмірсуы бар сусынды жіпке байлап лақ­тырады. Мен оны 40 секундтың ішінде ішіп үлгеруім керек, әйтпесе көп тұрып қал­саң, денең мұздап тоңады немесе ағыс сені басқа жаққа ағызып әкетеді", - дейді отандасымыз.

Суда жүзу
Фото: Түркістан басылымы

Сөзін қорытындылай келе Мадина мәре сызығын кескен уақытта қандай сезімде болғанын айтты.

"Көп жағдайда жүзу­шілер жағалауда белгіленген мәреге жетіп, ал жаға­лауда күтіп тұрған француздар ерекше қар­сы алып, құттықтап жатады. Ал менде бар­лығы басқаша болды: біріншіден, мен бел­гіленген межеге түнгі уақытта жеттім, екіншіден, мәре сызығы құмды жағалауда емес, француздық Кале портының қасында ор­наласқан тас қабырғаға белгіленген.

Тағы бір ескерер жайт, соңғы үш-төрт сағатта жыл­дам жүзуге мәжбүр болдым, себебі ағыс­тың бағыты өзгере бастағандықтан, бізді Сол­түстік теңізге қарай айдап әкету қаупі туын­дады. Оның үстіне, ағзаң да "шаршай" бас­тайды, одан бөлек, қолдаушылар мен бақы­лаушылар да "Алға!" деп сенің діттеген жерге тезірек жеткеніңді қалайды.

Осылай­ша, соңында абдырап қалған мен тез жүземін деп қарсы алдымда тұрған әлгі тас қабырғаны ең соңғы секундта ғана көрдім. Сол қабырғаға жеткен кезде ресми бақылаушы уақытты тіркеп алды, ал маған оларға қарай кері жүзу керек болды. Оған қоса, түнде тол­қын тулап соғады, қайықтағылар мені соғы­лып қала ма деп қорықты. Сөйтіп, ашық суда жүзуге ең қолайлы кроль стилімен жүзуге шамам жетпей, қайыққа дейін брасс әдісімен жүзіп, әрең жеттім", - дейді Мадина Құрманбаева.

Еске сала кетейік, осыған дейін қазақстандық Әнел Сытдықова Ла-Манш бұғазын 15 сағатта жүзіп өткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1938710-la-mans-bugazynynyn-68-saqyrymyn-zuzip-otken-qazaq-qyzy-turaly-ne-bilemiz/

pixel