RU

Өзбекстанның тағы бір атақты боксшысын жарыс жолынан шығарған отандасымыз мәлімдеме жасады

Боксшы
Фото: olympic.kz

Қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергенов Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатындағы кезекті кездесуі туралы пікір білдірді. Отандасымыз Өзбекстан өкілі Шахрам Гиясовты жарыс жолынан шығарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақстанның бокс федерациясына сілтеме жасап.

71 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Асланбек Шымбергенов екінші айналымда өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен кездесті. Гиясов 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, сондай-ақ, бірнеше жылдан бері кәсіби боксқа ауысып, 9 кездесу өткізіп үлгерген.

Екі боксшы арасындағы жекпе-жек тартысты өтті. Шымбергеновтің тура соққылары Гиясовқа дәл тиіп, үш раундта да Асланбектің басымдығы байқалды. Нәтижесінде, төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Шымбергеновке берді.

Айқастан кейін отандасымыз жекпе-жек туралы пікір білдірді.

"Жекпе-жек оңай болған жоқ. Бірақ жаттықтырушылардың айтқанын бұлжытпай орындап, жеңіске жеттім. Аллаға мың да бір шүкір. Баршаңызға рақмет", - деді Шымбергенов.

Айта кетейік, Белградтағы әлем чемпионатында Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы есеп 2:0-ге жетті. Бұған дейін Сәкен Бибосынов (51 келі) Олимпиада чемпионы Хасанбой Досматовты жеңген еді.

Кеше Белград шаршы алаңына шыққан қазақстандық боксшылардың барлығы жеңіске жетіп, келесі айналымға өтті. Олар - Махмұд Сабырхан (54 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Асланбек Шымбергенов (71 келі).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1939715-ozbekstannyn-tagy-bir-ataqty-bokssysyn-zarys-zolynan-sygargan-aslanbek-malimdeme-zasady/