Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Осал емес": Белгілі спорт журналисі қазақстандық боксшылардың 1/2 финалдағы азулы қарсыластарына тоқталды

Опубликовано:

Махмұд Сабырхан
Махмұд Сабырхан пен бразилиялық боксшы Майкл Тринидад. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Журналист әрі белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісұлы Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан бес боксшымыз туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Olympic.kz.

Есей Жеңісұлының сөзінше, жартылай финалға шыққан боксшыларымыздың ішінде осалы жоқ.

"Серік Теміржанов пен Абылайхан Жүсіпов төрт қарсыласын тұқыртып тастады. Сәкен Бибосынов Олимпиада чемпионын, Олимпиаданың күміс жүлдегерін жолда қалдырды. Махмұд Сабырхан өте дегдар боксымен маманның бәрін таңдай қақтырды. Ал ардагер боксшы Теміртас Жүсіповке әлем чемпионатының бір жүлдесі жетпей тұрғандай еді, ол осының орнын толтырды. Енді жартылай финалмен шектеліп қалмай, алтынға қол созып жатса, тамаша нәтиже болар еді", - дейді Есей Жеңісұлы.

Осы орайда спорт коментаторы жартылай финалдағы әрбір қазақстандық боксшының қарсыласына жеке-жеке тоқталып өтті.

Мәселен, 48 келіде өнер көрсететін Теміртас Жүсіпов жартылай финалда Беларусь спортшысы Евгений Кармильчикпен кездеседі.

"Қолтоқпақтай боксшы осы (Кармильчик-ред.). Әлемдік додада екі қарсыласын нокаутпен жеңді. Кармильчик 2017 жылғы әлем чемпионатына қатысқан. Мамандар содан бері бұл боксшының жақсы өскенін айтады. Қалай дегенде де, бүгінгі бокс кешінің беташар кездесуін өткізетін Жүсіпов сенімімізді ақтауға тиіс", - дейді ол.

51 келідегі Сәкен Бибосыновтың қарсыласы – есімі көпке белгісіз таиландтық Тханарат Саенгпхет. 19 жастағы боксшы бұл сында Карлос Рамирес, Мигель Рамос және Масуд Юсифзадчя сияқты қарсыластарын жолда қалдырды. Әсіресе Юсифзадамен өте көрнекті жекпе-жек өткізді.

"Тханарат бұған дейін тай боксымен де айналысқан. Әлем чемпионатын былай қойғанда, өз елінен сырт жерде бірінші рет жарысқа қосылып отыр. Сондықтан Сәкен қарсыласына мейлінше сақ болуы керек", - деді Есей Жеңісұлы.

54 келіде бақ сынайтын Махмұд Сабырханның жартылай финалдағы қарсыласы – үндістандық Акаш Кумар.

"Белград додасында отандастарымыз екі рет үнді боксшыларымен кездесіп, екеуінде де жеңіске жетсе де, Акашты осал санауға болмайды. Ол ширек финалда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Йоел Финолды таза жеңді", - дейді журналист.

57 келідегі Серік Теміржановтың қарсыласы кубалық Оскар Кабальеро.

"Кубалық 26 жаста, яғни дер шағында. Талай жыл Олимпиада чемпионы Лазаро Альварестің тасасында жүргені байқалады (Альварестен ол соңғы жылдары үш рет жеңілген). Кабальеро 2019 жылы Панамерика ойындарын жеңіп алған. 2018 жылы отандасымыз Ілияс Сүлейменовпен кездесіп жеңіске жеткен екен. Серік – осы әлем чемпионатында кубалық шеберлермен кездесетін алғашқы боксшымыз", - дейді Есей Жеңісұлы.

67 келіде өнер көрсететін Абылайхан Жүсіпов жапон боксшысымен ездеседі.

"2017 және 2019 жылдары (әлем чемпионаты-ред.) оның екі рет қола иеленгенін ескерсек, биыл алға қадам жасауы міндет секілді көрінеді. Жартылай финалда Жүсіпов жапониялық Севон Оказавамен кездеседі. Биылғы Токио олимпиадасында жапон боксының басты үмітінің бірі болып, ширек финалда сүрінген Оказава да оңай боксшы емес", - дейді спорт коментаторы.

Айта кетейік, бүгін кешкі сағат 18.00 мен 23.00-де әлем чемпионатының жартылай финалдық кездесулері өтеді.

Күндізгі сессияда Теміртас Жүсіпов, Махмұд Сабырхан, Абылайхан Жүсіпов, кешкі сессияда Сәкен Бибосынов пен Серік Теміржанов өнер көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1940503-osal-sanauga-bolmaidy-belgili-sport-komentatory-12-finaldagy-qazaqstandyq-bokssylardyn-azuly-qarsylastary-zaily-aitty/

pixel