RU

"Дикий Арман" боксшыларға ақша таратты": Министрлік видеоға қатысты ресми мәлімдеме жасады

Дикий Арман
Видеодан кадр: NUR.KZ

Желіде "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің бокстан Қазақстан құрамасының мүшелеріне ақша беріп жатқан видеосы пайда болды. Осыған байланысты мәдениет және спорт министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп жазады Хабар 24.

Министрлік мәліметінше, ведомство 2019 – 2021 жылдары бокстан ұлттық құраманың даярлығына, жиынына және халықаралық жарыстарына республикалық бюджеттен 1,5 млрд.теңге (3,5 млн.АҚШ доллары) бөлген.

Боксшыларға халықаралық жарыстар мен олимпиада ойындарына, соның ішінде әлем чемпионаттарына мынадай мөлшерде ақшалай төлемдер қарастырылған:

1-орын үшін 15 000 АҚШ доллары;

2 орын үшін 7 000 АҚШ доллары;

3-орын үшін 5 000 АҚШ доллары.

Сондай-ақ, олардың жаттықтырушысына:

1-орын үшін 10 000 АҚШ доллары;

2 орын үшін 5 000 АҚШ доллары;

3-орын үшін 3 000 АҚШ доллары беріледі.

"Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға сәйкес, Қазақстан бокс федерациясы Белград (Сербия) қаласында спортшыларды дайындауға, бокстан қазақстандық делегацияны басқаруға, сүйемелдеуге және олардың коммуникациясына жауап береді.

Ұлттық құраманың жекелеген боксшыларына ақша беру - бұл федерация мен министрліктің ресми тұлғасы болып саналмайтын азаматтың жеке бастамасы.

Қазір Сербияда Қазақстан бокс федерациясының басшылығы мен жаттықтырушылар құрамы бар, оларға министрлік аталған факті бойынша түсініктеме алу үшін ресми сұрау жіберді. Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан бокстан ұлттық құрама спортшыларын сапалы даярлау үшін барлық жағдай жасалған", - деді тиісті ведомство.

Айта кетейік, осыған дейін желідегі видеоға қатысты Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Бахтияр Артаев пен Арман Жұмагелдиевтің өзі пікір білдірген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1940666-dikii-arman-bokssylarga-aqsa-taratty-ministrlik-videoga-qatysty-resmi-malimdeme-zasady/