RU

"Асығып кетті": Бас бапкер Махмұд Сабырханның ақтық сындағы қателігін айтты

Махмұд Сабырхан
Махмұд Сабырхан. Фото: olympic.kz

Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов әлем чемпионатынан кейін әрбір шәкіртіне жеке тоқталып, олардың аяқ алысы жайлы өз пікірін айтты. Бапкердің мәлімдеуінше, Махмұд Сабырханның финалдағы жеңілісіне оның асығып кеткені себеп болған, деп жазады Olympic.kz. 

"Махмұд өте жас спортшы. Өзі әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, финалға дейін сүрінген жоқ. Оның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Белградтағы Махмұдтың өнерін бәріңіз де көрдіңіздер. Ақтық айқасқа дейін ол барлық қарсыласын қоғадай жапырды.

Ал нағыз шешуші сында ол асығып кетті. Асығыстық салдарынан біздің, яғни, бапкерлердің айтқанын тапсырмасын толық орындай алмады. Төрешілер жеңісті қарсыласқа беріп қояды, тезірек ұтуым керек деген ой басым болды.

Сондықтан, бұл әлемдік додадан үлкен ой түйгені анық. Махмұд Сабырхан - алға қойған мақсаттары биік боксшы. Келесі әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында алтын аламын деп, осы бастан нақты мақсат қойып отыр", - дейді бас бапкер. 

Айта кетейік, әлем чемпионатының финалында Махмұд Сабырхан жапониялық Томоя Цубойда ұтылған болатын. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1941300-asygyp-ketti-bas-bapker-maxmud-sabyrxannyn-aqtyq-synda-zibergen-qateligin-aitty/