RU

Иордания Иран әйелдер құрамасы қақпашысының жынысын тексеруді сұрап отыр (фото, видео)

Зохре Коудаи
Зохре Коудаи. Фото: Talibjan Kosimov/Anadolu Agency via Getty Images

Футболдан Иран әйелдер құрамасы дауға қалды. Иорданиямен өткізген матчтан кейін қарсыластары қақпада ер адам тұрды деген болжам жасаған, деп жазады Sports.ru.

Иорданиялықтардың Иран қақпашысы Зохре Коудаидің жынысын білгісі келуіне оның матчтың үздік ойыншысы болуы себеп болған.

Командалар Азия кубогының іріктеу кезеңін жалғастыру құқығын иелену үшін матч өткізген. Матчтың негізгі уақыты тең есеппен аяқталған. Осылайша, жеңімпазды пенальти сериясымен анықтауға тура келген.

Нәтижесінде Зохре Коудаи 11 метрден тебілген екі допты қақпаға кіргізбей, Иранға жолдама сыйлаған.

Жеңіліске ұшыраған Иордания Коудаиден жынысын анықтау үшін медициналық тесттен өтуін өтінген.

"Жынысын тексеру міндетті емес, бірақ Азия футбол конфедерациясы ойыншыға қатысты қандай да бір күмән туындаса, тексеру жүргізуге және тиісті шара қолдануға құқылы екенін түсініңіздер. Біз бәрі ашық болғанын қалаймыз. Осы ойыншының және Иран командасының басқа ойыншыларының талаптарға сай келетінін анықтау үшін тәуелсіз медициналық сарапшылар тобы сынақ өткізу керек. Бар болғаны осы", - дейді Иордания футбол қауымдастығының басшысы Али бин Аль-Хусейн Twitter парақшасында.

Ал Иран тарапы болса мәлімдемеге жедел жауап берді.

"Мұның бәрі жеңіліс үшін істеліп жатқаны анық. Біз Зохреге сенеміз. Біздің қызметкерлер осындай мәселелерге тап болмас үшін әрбір ойыншының гармонын тексеріп отырады. Біз өз тарапымыздан Азия футбол конфедерациясы қалаған барлық қажетті құжаттарды береміз", - дейді құраманың бас жаттықтырушысы Марьям Ирандост.

Айта кетсек, Иран әйелдер құрамасы мұндай жанжалға алғаш рет тап болып отырған жоқ. 2014 жылы құраманың төрт ойыншысы ер адам болып шыққан. Бір жылдан кейін бұл жағдай қайталанып, әйелдер құрамасындағы сегіз бірдей футболшының ер адам екені анықталған.

Сол кезде Иран тарапы мұны жоққа шығарған. Дегенмен Иран футбол федерациясына айыппұл салынып, жазықты ойыншылар өмір бойына әйелдер футболынан шеттетілген еді.

Иран әйелдер құрамасы
Иран әйелдер құрамасы. Фото: middleeast.in-24.com

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1942987-iordaniya-iran-aielder-quramasy-qaqpasysynyn-zynysyn-tekserudi-surap-otyr-foto-video/