Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Резерв жоқ": Биатлоннан Қазақстанның бас бапкері құрамадағы қиындықтарды айтты

Опубликовано:

Қысқы спорт
Фото: Olympic.kz

Биатлоннан Олимпиада қарсаңындағы маусым аса тартысты өтуде. Бүгінде әлем кубогінің үш кезеңі артта қалып, спортшылар кішігірім демалыс алды. Ал жаңа жылда Германияның Оберхофф қаласында кезекті жарыс басталмақ. Қазақстандық биатлоншылар бүгін елге ұшып келді. Олар Алматыда өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен V ел спартакиадасына қатысуды жоспарлаған. Бас бапкер Мақсат Шаранов Olympic.kz тілшісіне сұхбат беріп, команданың қазіргі жағдайын, қысқы ойындарға дайындығын және отандық биатлонның дамуына қатысты ойын ортаға салды. 

"Швецияның Эстерсунд қаласында өткен әлем кубогінің алғашқы кезеңі бізге қиындау соқты. Өйткені, қараша айында командадағы спортшылардың көпшілігі сырқаттанып қалған болатын. Сондықтан, алғашқы нәтиже көңіл көншіткен жоқ. Бірақ уақыт өте келе көрсеткішіміз жақсара бастады.

Әрине, биатлондағы 40-шы орын жанкүйерлер үшін ең соңғы орынмен бірдей шығар. Бірақ біздегі қарқынмен осы нәтижеге де қанағат етеміз. Себебі, биатлонда бәсекелестік өте жоғары.

Мәселен, өзге спорт түрлерінде эстафетаға әрі кетсе 12 команда қатысуы мүмкін, ал бізде 25, 27 комада бақ сынайды. Топтық жарысқа 160-170 биатлоншы қатысады. Олардың арасында алғашқы қырық спортшының ішіне кіру – біз үшін мәртебе. Алайда, оны көпшілік түсіне бермейді", - дейді бас бапкер. 

Мақсат Шарановтың айтуынша, ұлттық құрама спортшылары Алматыдағы қысқы спартакиадада өз аймақтарының намысын қорғайды. 

"Қысқы спартакиада еліміздегі жас спортшылардың қарқынын бақылайтын бәсеке. Өкінішке қарай, бізде резерв жоқ. Жасөспірімдер қатарында жақсы көрініп, тіпті, ересектер арасындағы ел чемпионатында үздіктерді басып озатын жастар табылмай отыр. Ұлттық құрамадағы спортшылардың орнын басатын ешкім жоқ. Сондықтан, біздің көрсеткішіміз де өспей отыр.

Бұл бірінші кезекте аймақтардағы спорттың дамуы ақсап жатқанын білдіреді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервін дайындайтын колледж бар. Бірақ осы аймақтан шығып жатқан биатлоншылар көп емес. Әрі кетсе 2 биатлоншы келеді.

Ал қысқы спорт түрлеріне басымдық берілген аймақ болған соң, осы өңірден талантты спортшылар күтетініміз анық. Солтүстік Қазақстан облысының көрсеткіші көз алдымызда өсіп келеді. Бұл өңірдегі жастар бой көтеруде. Бірақ әлі ысылуы керек. Әзірге, осы аймақтар туралы ғана айта аламыз.

Резерв жоқ, буын ауысатын кезде ұлттық құрамаға келетін мықты спортшылар жоқ. Сол алаңдатады.

Аймақтардағы спорт жақсы қарқын алмайынша, ұлттық құрамада айтарлықтай өзгеріс болмайды. Біз қысқы спартакиададан талантты жастарды табамыз деген үміттеміз. Бірақ бұл бәсекеде ұлттық құрама спортшылары өз аймақтарына көмектеседі", - дейді Шаранов. 

Қазақстандық биатлоншылар Бейжің Олимпиадасына қанша жолдама алатыны белгісіз. Квота мәселесі келесі жылдың қаңтарында нақты шешіледі.

"Қуанышқа қарай, эстафета, аралас эстафета сынды жарыстардағы биылғы нәтижеміз өткен жылға қарағанда жақсырақ. Әлемдік биатлон одағы осы маусымдағы үздік нәтижелерімізді есепке алады. Қыздарымыздың да, ерлеріміздің де лицензиядан үміті бар. Соңғы шешімді қаңтар айында білетін боламыз. Оған дейін тағы бір әлем кубогіне қатысуды жоспарлап отырмыз", - дейді бас бапкер. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1947769-rezerv-zoq-biatlonnan-qazaqstannyn-bas-bapkeri-quramadagy-qiyndyqtardy-aitty/

pixel