Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әлемдік рекорд": Шахматтан ең жас әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева елге оралды

Опубликовано:

Бибісара Асаубаева
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Блиц шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева елге оралды. Әлем шахматы тарихындағы ең жас чемпион болған спортшыны әуежайдан күтіп алуға спорт комитеті, шахмат федерациясы мен жанкүйерлері барған, деп жазады Қазақстан шахмат федерациясына сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Варшава қаласындағы турнир 5 күнге жалғасты. Рапидтен екінші орын, блицтен бірінші орынға қол жеткіздім. Бұл жарысқа өте тыңғылықты дайындалдым. Бұған дейінгі ең жоғарғы жетістігім 13 жасымда рапидтен 10-орын алғаным еді. Жеңіс тұғырында тұрып, Қазақстанның гимні ойнағанда ерекше мақтаныш сезімінде болдым. Қазақстандық жанкүйерлердің қолдап жатқанына өте қуаныштымын", - деп алғысын білдірді Асаубаева.

Қазақстан шахмат федерациясы өкілдері отандық жас шахматшыларды Бибісараның жеңісі жігерлендіретінін айтады.

"Бибісараның жеңісін әлемдік рекорд деуге болады. Өйткені ол әзірге әлемнің ең жас чемпионы. Ересектер арасында енді Қазақстанда да чемпион бар. Бұл жас буын үшін алға ұмтылуға себеп болады. Бибісараның келешекте бұдан да үздік нәтижелер көрсетуіне потенциалы бар. Жалпы, 2021 жыл Қазақстанның шахмат спорты үшін өте сәтті аяқталды. 9 жыл бойы гроссмейстер шықпап еді, міне, биыл екі спортшымыз гроссмейстер атанды. Сочидағы әлем кубогында жақсы жетістіктерге жеттік, Олимпиада ойындарында құрама 8-орын алды. Қазақстанда 10 мың бала шахматпен айналысады, үмітіміз сол жастарда", - дейді Руслан Ысқақов.

Мысалы, 10 жасқа дейінгі балалар арасында Қазақстан чемпионы болған Аяру Алтынбек Бибісараның жетістігін қайталағысы келеді.

"Мен бұған дейін Астананың 3 дүркін жеңімпазы болдым. Азия чемпионатында 2-орын алдым. Бүгін Бибісараны күтіп алып, таныстым. Онымен кездескеніме қатты қуаныштымын. Мен де Бибісары сияқты әлем чемпионы атанғым келеді", - дейді кішкентай шахматшы.

Рапид және блицтен әлем чемпионаты (FIDE World Rapid and Blitz ) - спорт жанкүйерлерінің көпшілігі үшін шахмат күнтізбесіндегі ең сүйікті және асыға күтетін оқиғалардың бірі. 2021 жылы ауқымды шараға 50 елден 200-ге жуық спортшы – әлем чемпиондары мен вице-чемпиондары, қазіргі ел чемпиондары және әлемнің рейтингі жоғары шахматшылары қатысты.

Бұған дейін Асаубаева классикалық шахматтан 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы, 7, 9 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1951677-alemdik-rekord-saxmattan-en-zas-alem-cempiony-atangan-bibisara-asaubaeva-elge-oraldy/

pixel