Бейжің Олимпиадасы: Қазақстандық спортшылардың неше жолдама ұтып алғаны белгілі болды

Опубликовано:

Спортшы
Фото: Olympic.kz

17 қаңтар күні ақ Олимпиада ойындарына арналған барлық іріктеу және рейтингтік додалар аяқталып, басым бөлігі үлестірілді. Нәтижесінде Қазақстандық атлеттер спорттың 8 түрінен 82 жолдамаға қол жеткізді, деп хабарлайды Olympic.kz.

  • Шаңғы жарысы бойынша 30 жолдама қоржында.
  • Фристайлшылар тоғыз жолдамаға ие болған. Соның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар.
  • Конькишілер мен биатлоншылар – 12, 
  • шорт-трекшілер тоғыз жолдаманы қоржынға салды.
  • Тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары төрт жолдамадан еншілесе,
  • шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар екі лицензияға иелік етті. 

Бүгінгі таңда олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енді. Айта кетерлігі, бұл спортшылардың соңғы әрі нақты саны емес. Себебі ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде.

Атап айтқанда, биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатикадан тағы да жолдамалар үйлестірілуі мүмкін. Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады.

Бүгін, 18 қаңтар күні vәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының дайындығы жайында жиын өткізді. Министр алдағы қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталды.

"Ел үшін қазіргі қиын жағдайда, соның ішінде коронавирустық инфекцияның көбеюі кезінде біз спортшыларымызға алдағы Олимпиадада допингсіз, жанжалсыз, лайықты өнер көрсету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналған Олимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасап, спортшыларды дайындау, сапалы жаттығу, оқу-жаттығу жиындары және іріктеу жарыстарына қатысу қаржыландырылды", - деді мәдениет және спорт министрі.

Ал Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков "бүгінгі күннің басты міндеті – спортшылар мен жаттықтырушылар денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау" деді.

Оның сөзінше, іріктеу турнирлерін аяқтағандар соңғы апта бойы жабық карантиндік аймақтарда орналасқан.

"Онда дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Әлемдік додалар аяқталған соң Бейжіңге ұшпас бұрын спортшылар карантинде уақыт өткізеді. Барлық спортшылар кешенді-ғылыми топ мамандарының үздіксіз бақылауында. Мәдениет және спорт министрлігі мен ҰОК спорттық жарыс күнтізбе бойынша додаларға қатысу, дайындық жұмыстары, шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар, оның ішінде еліміздегі халықаралық жарыстарға қатысу үшін командаларға барлық жағдайды жасады. Енді спортшылар ең жауапты кезеңге аяқ басып отыр. Қазақстан халқы біздің команданы қолдайтынына сенімдіміз", - дейді Андрей Крюков.

Айта кетерлігі, Олимпиада ойындарының барлық қатысушыларының қозғалысы қатысушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу және алдын алу мақсатында арнайы басшылықпен қатаң түрде бекітілген талаптар мен қағидаттар жиынтығынан тұратын нұсқаулық плейбукпен реттеледі. Тек Олимпиада ойындары кезінде емес, бұл нұсқаулық Қытаймен шекарадан өтер алдында да қатаң түрде реттеледі. 

Ойын кезінде олимпиада ауылының тұрғындарынан күн сайын ПТР тест алынып, денсаулығы тексеріліп, жаздағы Токио олимпиадасының үлгісі бойынша қатысушылардың орналасқан жері арнайы телефон қосымшасы арқылы бақыланады. 

Қазақстан құрамасы 27 қаңтар күні чартерлік "Air Astana" рейсімен Нұр-Сұлтаннан Алматы арқылы Бейжіңге аттанады. 

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасының таныстырылымы 20 қаңтарға жоспарланған.

Қысқы олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады және төртжылдықтың басты бәсекесінде 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1951799-beizin-olimpiadasy-qazaqstandyq-sportsylardyn-nese-zoldama-utyp-algany-belgili-boldy/