Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"13-14 жастағы балалар": Астаналық жасөспірім хоккейшілер АҚШ-тағы турнирде көзге түсті

Опубликовано:

Қазақстандық "Барыс" командасы. Фото
Қазақстандық "Барыс" командасы. Фото: Champion League Hockey

АҚШ-тың Майами қаласында (Флорида штаты) өткен жасөспірімдер арасындағы «Champions League Youth International Ice Hockey tournament» халықаралық турнирінде қазақстандық жас хоккейшілер көзге түсті. Турнирге қатысқан 10 команданың арасында "Барыс 2008" командасының спортшылары төртінші орынды иеленген. Олардың ойынына шетелдік сарапшылар жоғары баға берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген команда жаттықтырушысы Рамазан Қанашұлы мәлім етті.

Жаттықтырушының айтуынша, жасөспірімдер арасында халықаралық турнирге команданы ұйымдастырушылардың өздері шақырған. Турнир жергілікті "Флорида Пантерз" ҰХЛ хоккей клубының мұз айдынында өткен. Аталған жарысқа барлығы 10 команда қатысса, отандық "Барыс 2008" ойыншылары төртінші орынды иеленіпті.

"Барыс 2008" ойыншысы
"Барыс 2008" ойыншысы. Фото: Champion League Hockey
"Турнирге барлығы 5 елден: Швециядан, Словакиядан, Қазақстаннан, Финляндиядан және АҚШ-тың ең мықты ААА лигасында ойын көрсететін алдыңғы қатарлы командалар қатысты. Жалпы командалық есепте "Барыс" 5 кездесуден 9 ұпай жинап, төртінші орын алды", - дейді команда жаттықтырушысы.

Турнирде қазақстандық спортшылардың бірқатары жақсы ойын көрсеткен. Олардың ішінде команда капитаны Тілеухан Жахангир, Ким Егор, сондай-ақ, Толен Арман, Айболұлы Темірлан сынды қорғаушылар ерекше көзге түскен. Сонымен қатар, команданың қақпасын қарсыластардан сәтті қорғаған Никита Кулаков та назарға түскен.

Қазақстандық жас спортшылардың әлеуеті халықаралық төрешілер мен сарапшылар тарапынан да елеп-ескерілді, дейді жаттықтырушы.

"Бізді осындай дәрежедегі турнирлерге шақырғанының өзі командамыздың мықтылығын көрсетеді. Яғни, біздің балалар жақсы деңгейде әлемдік мықты командалармен бәсекеде өздерін жақсы көрсете білді. Шетелдік әріптестер команданы жоғары бағалап отыр.

13 жас - бұл ойыншының кәсіби спорттағы болашағын әбден болжауға болатын кезең. Бұл жаста бала бойында спортшыларға қажетті негізгі физикалық және психологиялық қасиеттер қалыптасады. Жауапкершілік, бәсекеге қабілеттілік, мақсатқа ұмтылу секілді қасиеттер дәл осы кезеңде көрінеді. Ал бұл турнирдің нәтижесіне қарап, біздің хоккейшілер өзге елдің мықты ойыншыларымен бәсекеге түсуге қабілетті екенін бағамдай аламыз", - дейді ол.

"Барыс 2008" ойыншысы қарсыласымен
"Барыс 2008" ойыншысы қарсыласымен: Champion League Hockey

Айта кету керек, команданың АҚШ-тағы турнирден қайтар уақыты еліміздегі ТЖ режимімен тұспа-тұс келіп, балалар Түркияның Стамбұл қаласында қалып қойған. Алайда, қиындықтарға қарамастан, жас спортшылар бұл сынақты да сәтті еңсерген.

"Бастапқыда балалар біраз абдырап қалды. Алайда олар өздерін-өздері қолға алып, нағыз ер жігітке тән қасиет - сабырлылық танытты", - дейді ол.

Қазіргі таңда, "Барыс 2008" командасы ҚР чемпионаты бойынша 1-ші орында келеді. Команда ойыншылары алдағы уақытта кезекті халықаралық турнирге қатысуды жоспарлауда.

"Барыс 2008" командасын 2020 жылдан бері жаттықтырып келемін. 13-14 жастағы, өте қабілетті, еңбекқор балалар. Сондықтан, олардың жетер жетістіктері алда деп сенемін", - дейді Рамазан Қанашұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/1952479-13-14-zastagy-balalar-astanalyq-zasospirim-xokkeisiler-aqs-tagy-turnirde-kozge-tusti/

pixel