"Жаңа жарыс жолында бақ сынаймыз": Қазақстандық могулшылар Бейжіңдегі кезекті жаттығуларын өткізді

Опубликовано:

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

Фристайл-могулдан ел намысын қорғайтын Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков Олимпиада қарсаңындағы дайындықтарын саралап, барша қазақстандықтарды жанкүйер болуға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дмитрий Рейхерд Бейжіңде үшінші ресми жаттығуы өткенін хабарлады. Оның сөзінше, жаңа трасса көңілден шығады.

"Трасса өте керемет, трамплинді де сынақтан өткіздік. Жалпы алғанда бәрі жақсы. Бұл жарыс жолында бірінші рет сынға түспекпіз. Бұған дейінгі әлем кубогі кезеңі басқа жерде өткізілген. Жаңа трамплиндер біз үшін жаңа курс. Бәрі де көңілімізден шықты, ұнайды. Іріктеу сындары 3 ақпанда басталады. Финалдық кезең ерлер арасында 5 ақпанда, әйелдер арасында 6 ақпанда өтеді. Бізге жанкүйер болыңыздар! Алға, Қазақстан", - деді Рейхерд. 

Павел Колмаков та олимпиада қарсаңында көңіл-күйінің тамаша екенін алға тартып, қазақстандықтарды жанкүйер болуға шақырды.

"Трасса тамаша. Олимпиадалық талаптарға толығымен жауап береді. Әрине, кемшілігі де жоқ емес. Бұл әрбір жарыс жолында кездеседі. Мұндағы трасса сәл қаттылау. Қазір трамплиннен секіріп жатырмыз. Олимпиада қарсаңындағы көңіл-күйіміз тамаша, ештеңе мазаламайды", - дейді Павел Колмаков. 

Айта кетейік, Бейжіңдегі қысқы олимпиаданың ресми ашылуы 4 ақпанға жоспарланған. Алайда кейбір спорт түрлері сайысты 2-3 ақпанда бастап кетеді.

Олардың қатарында қазақстандық фристайл-могулшылар бар. Спорттың бұл түрінен ел намысын Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Анастасия Городко, Олеся Граур, Павел Колмаков және Дмитрий Рейхерд қорғайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1954131-zana-zarys-zolynda-baq-synaimyz-qazaqstandyq-mogulsylar-beizindegi-kezekti-zattygularyn-otkizdi/