Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атының өзі қорқынышты еді": Екі жыл бұрын қатерлі дертке шалдыққан спортшы Бейжіңде топ жарып, елді таңырқатты

Опубликовано:

сноубордшы ракты жеңді
коллаж: sports.ru

Бейжің Олимпиадасында канадалық сноубордшы Максанс Парро слоупстайлдан чемпион атанып, Олимпиаданың алтынын жеңіп алды. Ал осыдан тура екі жыл бұрын спортшы қатерлі дертке шалдығып, 12 химиотерапиядан өткен болатын. Спортшының қайсар мінезі мен мықты рухына әлем жанкүйерлері қол соғуда, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Макс Парро бала күнінен сноубордпен айналысып, бүкіләлемдік экстремалды ойындарда 15 рет жеңіске жеткен. Бейжің Олимпиадасында дейін Сочи және Пхченхан ойындарына қатысып, Оңтүстік Корея жерінде күміс медаль иеленеді.

2018 жылғы маусымды сәтті өткізіп, сүйіктісіне арнап үй салып, өмірден рахат алып жүрген Макстың өмірі бір сәтте талқандалды. Сол жылдың желтоқсанында ол қатерлі дертке шалдыққаны туралы хабар алады.

Дәрігерлер спортшының ракпен, оның ішінде, Ходжкин лимфомасымен ауырып жүргенін мәлімдейді. Бұл жақында ғана Олимпиада жүлдесін алған 25 жастағы спортшының бар арманын аяқ асты еткен суық хабар еді.

Осыдан соң Максанстың өмірінде аласапыран күндер басталды. Спортшы жалпы есебі 12 химиотерапия алып, аурудан құлан-таза айыққанға дейінгі кезеңді түгелдей бейнекамераға түсіріп алған.

Қатерлі дертке ұшырағанын естіген Парро журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын өткізеді. Ол сырқатына байланысты жарыстарға қатыса алмайтынын ескертіп, өте қауіпті жаумен күрес басталатынын мәлімдейді.

"Маған бәрі қорқынышты. Өйткені, мұндай жаумен бұрын-соңды күрескен емеспін. Мен үшін жаңа нәрсе. "Рак" деген сөзді естудің өзі үрей тудырады", - деді ол.
Максанс Парро
Фото: Sports.ru

Мұндай қиын сәтте оны ата-анасы, бауырлары мен сүйіктісі қолдайды. Әсіресе, барлық қиын кезеңде сүйген адамы қасында болып, оған дәрігерлер секілді күтім жасаған.

Әрбір химиотерапия курсын алған соң, Максанстың денсаулығы күрт нашарлай берді. Тіпті, далаға шығып, таза ауа жұтудың өзі ол үшін ауыр азап болды. Бірақ ең соңғы курсты алған соң, дәрігерлер спортшының аурудан айыққанын айтады. Бұл оның өміріндегі ең бақытты сәт еді.

Парро
Фото: Sports.ru

Максанс Парро көп ұзамай, жаттығуды қолға алады. Бапкерлер мен психологтар оның спортқа деген махаббатына таңдай қағады. Макс ауыратыны туралы ең алғаш естіген кезде, "спорттан биылғы маусымды өткізіп алатын болдым", - деп өкінген екен.

Осылайша, Парро сырқатынан кейін алғаш рет Швейцарияда өтетін турнирге қатысып, жеңімпаз атанады. Ал 7 ақпан күні Бейжің Олимпиадасында сноубордтың слоупстайл түрінен жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атағын иеленді.

Спортшы өзінің қатерлі дертті қалай жеңгені туралы деректі фильм де түсірген. Туындыны тамашалау үшін төленетін ақша қатерлі дертке шалдыққандарға арналған қорға жұмсалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1955603-atynyn-ozi-qorqynysty-edi-eki-zyl-buryn-qaterli-dertke-saldyqqan-sportsy-beizinde-top-zardy/

pixel