"Тоқтап қалмаймыз": Шорт тректен Қазақстанның бас бапкері Олимпиаданы қорытындылады

Опубликовано:

Спортшы
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті/Владислав Семенов

Шорт тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков Бейжің Олимпиадасын қорытындылап, шәкірттерінің өнеріне баға берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бас бапкер қысқы ойындардағы шорт трекшілердің өнеріне жоғары баға берді. Оның сөзінше, бұндай нәтижеге жете алмай жүрген елдер көп.

"Осы маусымдағы дайындығымыз өте жақсы өтті. Біздің алаңсыз жаттығуымызға мүмкіндік берген Ұлттық Олимпиадалық комитетке алғысым зор. Командамыз берілген қаражатты толық ақтады деп ойлаймын", - деді Мәдіғали Қарсыбеков.

Осы орайда бас бапкер шәкірттеріне жеке тоқталды.

"Абзал медальға қол созым жерден тоқтады. 500 метр біздің жігіттер үшін ең ыңғайлы қашықтық еді. Абзал финалда қарсыластарын күтіп қалды деп ойлаймын. Егер бірден үшінші орынға шығып алғанда, соны сақтап қалатын мүмкіндігі мол болатын. Бесінші орыннан қуып жету қиынға түсті, оның үстіне италиялық та біраз кедергі келтірді.

Денис Никиша тактикалық қате жіберді. Ол бұрылыс кезінде қарсыласты оң жағынан басып озбақ болды. Ал бұл сәтте сол жағынан келетін спортшының жылдамдығы жоғары болды да, алға сол шығып кетті.

Әділ Ғалиахметов өте жас әрі талантты спортшы. Ол 500, 1000, 1500, 3000 метрге де жарысады. Барлық қашықтыққа жүгіретін мұндай спортшы бізде бұрын болмаған. Әлем чемпионатында көпсайыстан бақ сынап, жүлде алатын мүмкіндігі бар", - деді ол.

Мәдіғали Қарсыбеков елімізде талантты жастар көп екенін, оларды келесі Олимпиадаға дайындайтынын атап өтті.

"Еліміздегі шорт-тректі дамыту үшін талай тәжірибені бастан өткіздік. Алдымен Оңтүстік Корея, кейін Нидерланды құрамаларының әдісімен дайындалдық. Екі команда да шорт-тректен әлем үздіктері саналады. Солармен бірге жаттығып, бірге жүрмегенде, біз мұндай нәтиже көрсетпеуші едік. Қазір әлем елдері шетелден үздік мамандарды шақыртуда. Мұның да көмегі көп. Соңғы бір жылда Ресей командасының бұрынғы бас бапкері, Олимпиада чемпионы Семен Елистратовтың жеке жаттықтырушысы Андрей Максимовты шақырттым. Семен да командамен бірге дайындалып, жігіттер бір-біріне көмектесті", - деді бас бапкер.

Ол федерацияға өкпелі екенін жасырмады.

"Федерацияға айтар өкпем көп. Үш Олимпиаданы өткіздік, бізге бірде-бір рет көмекке келген жоқ. Тек біз әлемдік жарыстардан орын алғанда ғана, министрлікке мақтанышпен жеткізеді", - деді Мәдіғали Қарсыбеков.

Сөз соңында бас бапкер команда бұнымен тоқтап қалмайтынын, наурыз айында Монреальда өтетін әлем чемпионатына қатысатынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1956080-toqtap-qalmaimyz-sort-trekten-qazaqstannyn-bas-bapkeri-olimpiadany-qorytyndylady/