Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Медалің болса жағдай жасайды": Абзал Әжіғалиев еліміздің спорт саласындағы мәселелерді жайып салды

Опубликовано:

Шорт трек
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті/Владислав Семенов

Бейжің Олимпиадасында төртінші орын алған шорт-трекші Абзал Әжіғалиев төрт жылдықтың ірі додасына дейін қандай кедергілерге тап болғанын айтып, мәлімдеме жасады.

Бұл туралы Абзал Әжіғалиев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Мені қолдаған және Олимпиадада бізге шын жүректен жанкүйер болып, алаңдағандарға тағы да шексіз алғыс айтамын. Дәл осы мәселе қазір өзекті болып тұрғанда мүмкіндікті пайдаланып, шорт-тректі мысалға ала отырып, біздің спортшыларымыздың Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын айтқым келеді", - деп сөзін бастады ол.

Абзал Әжіғалиев әрі қарай қысқы спорттағы мәселелерге жеке тоқталып өтті. Оның жазбасын қаз-қалпында бергенді жөн көрдік.

"Мұз айдыны. "Алау" - қазіргі кезде шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға немесе Ресейде жаттығуға шығамыз.

"Алауда" барлығы "идеально" болғанымен ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Бейжің Олимпиадасының алдында біз "Алауда" дайындалдық. Бірақ бізге мұз тек Олимпиада алдында емес, үнемі керек.

Айтпақшы, мұз тек ұлттық құрамада емес, жастар мен жасөспірімдерде де қарастырылмаған. Нақты біздің спортымыз үшін басты проблема осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер бұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз.

Әр өңірде мұз сарайлары бар. Бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті Алматыдағы кешен де. Маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда жарақат алып қалу қаупі өте жоғары. Алматының мұз айдындарындағы жағдай да "Алаудағыдай". Бос уақыт жоқ, ақша жоқ деген секілді...

Бізге керекті құрал-жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алуды мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек.

Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қайрайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары аталғандармен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде мемсатыпалудың процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады.

Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған жабдықтарды сатып әпереді. Немесе "заңда рұқсат етілмеген" деп айтқан соң, кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуға тура келеді. Себебі, біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе.

Маған облыстық спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет велосипедті алып береміз деп уәде берді. Қазір енді ең құрығанда станок алып берулерін сұрадым. Өзімше демеушілерге осы өтінішімді айтып көріп едім, ол да жауапсыз қалды. Бізде спортты дамыту керек деп көп айтады. Бірақ ана жолы айтқанымдай, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қояды. Қысқы спорт ешкімге қызық емес. Жағдай тек өзім үшін жақсарсын деп емес, жалпы жастар да бұл спортпен айналысса, осы спорттың еліміздегі болашағының бар екенін көрсеткім келеді.

Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, көп жазылмайды. Осы спорт түрін Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен дейсің. Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен танысқандарын жазады. Бірақ біз көп жылдар бойы әлем кубогтарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Бірақ Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады?

2018 жылғы Олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт денсаулығымда проблема болды. Осы уақытта құрамадан шеттетілдім, өз қаражатыма емделдім. Бізде жарақат алсаң ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта, соның ішінде біздің спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда соңында жалғыз қаласың.

Қазір Олимпиада бітті. Иә, білемін, ешкім оның нәтижесіне мәз емес. Біздің кішкентай командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш еді. Келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін қазірден бастап қимылдау керек, біздегідей Олимпиадаға жарты жыл қалғанда емес. Бізде жазғы спортқа назар көп аударылған соң, талап та жоғары. Соңында бәрі, жанкүйерлер де қысқы спорттан да сондай нәтиже күтеді.

Менің ең үлкен арманым - еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету. Сонымен қатар, ауылдардағы, өңірлердегі балалардың барлығы бірдей спортпен айналыса алса, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшының, спортшы болудың мәртебесін білсе және оның қандай еңбек екенін білсе деген ниет. Бізде егер медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалу керек қой. Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді.

Сөз соңында өз командама, жаттықтырушыларыма көп рақмет айтқым келеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Осы уақытқа дейін талай қиындықты еңсеріп, мойымадық. Әрі қарай да биік белесті бағындыруға барымызды саламыз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аянбаймыз. Бізді үнемі қолдап, жанашыр болып отырған әрқайсысыңызға алғыс. Еліміздегі спортты өсіретін де, өшіретін де өзіміз. Сондықтан менің осы айтқандарым тиісті жерге жетеді деп ойлаймын", - дейді спортшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1957243-uade-uade-kuiinde-qalady-abzal-azigaliev-elimizdin-sport-salasyndagy-maselelerdi-zaiyp-saldy/

pixel