"Біз келісімге келдік": "Канело" Головкинмен үшінші жекпе-жекке қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

мексикалық боксшы
Сауль Альварес. Фото: JOHN GURZINSKI/AFP via Getty Images

Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек болатынын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұған дейін "Канелоның" DAZN стримингтік сервисімен екі жекпе-жек өткізу үшін келісімшартқа отырғаны туралы ақпарат тараған еді.

Оның бірі ресейлік Дмитрий Биволмен (7 мамыр), екіншісі қазақстандық Геннадий Головкинмен (17 Қыркүйек).

Бүгін АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өткен баспасөз конференциясында БАҚ өкілдері "Канелодан" GGG-мен үшінші жекпе-жекке қатысты сауал қойды.

"Иә, біз келісімге келдік. Олар (DAZN -ред.) Головкинмен жекпе-жек ұйымдастырғысы келді. Неге өткізбеске? Барлығы біздің трилогиямызды көргісі келеді. Мен үшін бұл әлі де маңызды жекпе-жек. Ол мен жайлы көптеген жағымсыз сөз айтты.

Ол алдағы жекпе-жегінде жеңіске жетеді деп үміттенемін (Головикннің 9 сәуір күні жапониялық Риото Муратаға қарсы кездесуі жайлы - ред.). Бірақ біз алдын-ала болжам жасамай-ақ қояйық. 7 мамыр күні мені Биволға қарсы қиын жекпе-жек күтіп тұр", - деген "Канелоның" сөзін Boxingnews24.com сайты келтірді.

Айта кетейік, Сауль Альварес пен Геннадий Головкин арасындағы алғашқы кездесу 2017 жылдың қыркүйегінде өткен еді. Ол кезде жекпе-жек тең аяқталса, тура бір жылдан кейін екінші рет өткен кездесуде мексикалық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1959162-biz-kelisimge-keldik-kanelo-golovkinmen-usinsi-zekpe-zek-turaly-pikir-bildirdi/