Бейжіңдегі паралимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алған Герлицке пәтер беріледі

Опубликовано:

Александр Герлиц
Александр Герлиц. Фото: olympic.kz

Бейжіңдегі паралимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алған Александр Герлицке Солтүстік Қазақстан облысынан бір бөлмелі пәтер беріледі, деп хабарлайды Қазақпарат.

Бұл ақпаратты Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде растады.

Оның сөзінше, 2016 жылғы Рио паралимиадасынан бастап паралимпиада және сурдолимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қаржылай сыйақылары өсіп, олимпиадалық спортшылармен теңескен.

Сонымен қатар, алдағы уақытта спорттық нәтижелерді ескере отырып ұлттық құрама жаттықтырушылары мен спортшыларының жалақыларын көтеру мәселесі қарастырылатыны айтылды.

Осы орайда комитет басшысы Бейжіңдегі паралимпиада ойындарында 10 шақырымдық жарыста қола жүлде жеңіп алған биатлоншы Александр Герлицке пәтер берілетінін жеткізді.

"Бейжіңдегі паралимпиада ойындарының нәтижелері бойынша спортшылар мен жаттықтырушыларға Үкімет тарапынан жалпы сомасы 131 млн теңге және "Дене шынықтыру мен спорт" туралы заң бойынша Александр Герлицке Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тарапынан бір бөлмелі пәтер беріледі", - деді Самат Ерғалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1961285-beizindegi-paralimpiada-oiyndarynda-qola-zulde-zenip-algan-gerlicke-pater-beriledi/