Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өзімді суда жүзген балықтай сезінемін": Көкпар тартқанды ұнататын ару жайлы не білеміз

Опубликовано:

Ева Жигалина
Ева Жигалина. Видеодан кадр: Хабар24

Алматы облысының тумасы Ева Жигалина - 6 жасынан атқа мініп өскен әккі шабандоздың бірі. Жастайынан ат құлағында ойнап өскен қаскелеңдік ару бүгінде қазақтың ұлттық ойыны бәйге мен көкпарға ат дайындаумен айналысады, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Еваны көпшілік орыс ұлтының өкілі деп ойлайды. Алайда ол казак, ата-бабасы кәдімгі Дон казактарынан тарайды. Ева көкпарға атты жер-жерден іздеп жүріп таңдайтынын айтады.

"Дончак пен Қостанай тұқымы көкпар тартқанға өте қолайлы. Самсон есімді атымды 3 жасынан баптадым. Қазір ол топқа бұзып жарып кіретін кәсіби ойыншыға айналды. Өзіме келер болсам, мен жылқыға бар ғұмырымды арнауға бел буған жанмын. Атқа отырсам қанаттанып шыға келемін. Ал көкпарда өзімді суда жүзген балықтай сезінемін", - дейді Ева Жигалина.

Ева тіпті, болашақ жұбайымен де осы атбегілік өнердің арқасында танысқан. Қазір ерлі-зайыптылар 2015 жылы Жамбыл ауданындағы "Көкбастау" атшабарының іргесінен ашқан жылқы фермасында көкпар аттарын баптаумен айналысады. 

Еваның құлындарды Польшадан, Ресейден алдыратынын атап өтті.

"Бұл өзі бейнеті өте ауыр еңбек. Ыстық-суыққа қарамаймын. Күніне 3-4 сағат атқа мінемін. Астымдағы Самсоным өте сезімтал жылқы. Топқа түскенде екеуміз бір-бірімізді ұятқа қалдырмауға тырысамыз. Басында оны сату үшін баптағанмын. Кейіннен бұл ойымнан айнып қалдым", - дейді Ева.

Айта кетейік, Ева Жигалина Қарасай ауданының көкпаршылары арасында "Амазонка" лақап атымен жақсы таныс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1964797-ozimdi-suda-zuzgen-balyqtai-sezinemin-kokpar-tartqandy-unatatyn-aru-zaily-ne-bilemiz/

pixel