Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шыдауға тура келеді": Мергендігімен көзге түскен Айымбетов Словакиямен өтетін матч алдында шағын сұхбат берді

Опубликовано:

Абат Айымбетов
Абат Айымбетов. Фото: KFF.kz

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Словакиямен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, бірқатар сауалға жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның сөзінше, үш күн сайын матч өткізу ойыншыларға ауыр болып жатыр.

"Бірақ амалымыз қанша, шыдауға тура келеді. Ойынға деген дайындық жақсы. Соңғы матчты жеңіспен аяқтауға тырысамыз", - деді Айымбетов.

Отандасымызды жанкүйерлер соңғы уақытта футбол "жұлдыздары" Криштиану Роналду мен Кәрім Бенземаға теңеп жүр. Бұған қатысты шабуылшының өзі пікір білдірді.

"Әрине, Бензема, Роналду секілді ойыншылармен салыстырғаны жақсы әсер сыйлайды. Бірақ мен Аралдан шыққан Айымбетовпін. Бір күні сондай футболшы боламын деген үміттемін", - деді Абат.

Айта кетейік, Ұлттар лигасында Қазақстан ұлттық құрамасы С лигасының үшінші тобында өнер көрсетіп жатыр.

Қазақстан құрамасының қарсыластары - Словакия, Әзербайжан және Беларусь құрамалары.

Алғашқы турда ел құрамасы Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана арена" стадионында Әзербайжанмен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Мачтағы екі голды шабуылшы Абат Айымбетов соқты.

6 маусымда Магомед Адиевтің шәкірттері сырт алаңда Словакия құрамасын 0:1 есебімен ұтты. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды ойынның 26-минутында жартылай қорғаушы Аслан Дарабаев салды. Оған нәтижелі пасты Эльхан Астанов берді.

Үшінші турда ел құрамасы сырт алаңда Беларусьпен тең ойнады. Есеп 1:1. Қазақстан командасынан Абат Айымбетов мергендігімен көзге түсті.

Осылайша, үш турдан кейін ел құрамасы турнирлік кестеде 7 ұпаймен бірінші орында тұр. Бүгін Магомед Адиевтің шәкірттері "Астана аренада" Словакиямен ойнайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1973764-sydauga-tura-keledi-mergendigimen-kozge-tusken-aiymbetov-slovakiyamen-otetin-matc-aldynda-sagyn-suxbat-berdi/

pixel