Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"52 секундта ұтты": "Қазақстан Барысы" турнирінде қызылордалық балуан таза жеңіске жетті

Опубликовано:

Мақсат Исағабылов "Қазақстан Барысы" турнирінің жеңімпазы атанды
Мақсат Исағабылов. Фото: facebook/KazakhstanBarysy

Қазақ күресінен дәстүрлі "Қазақстан Барысы" турнирінің биылғы жеңімпазы анықталды. Қызылорда облысының өкілі Мақсат Исағабылов байрақты бәсекеде топ жарып, финалда өзінен әлдеқайда салмағы ауыр қарсыласын таза жеңді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазақстан Барысының" финалында Мақсат Исағабылов Маңғыстау облысының өкілі Нұрдәулет Жарылғаповты жеңді. Адуынды қарсыласын ұту үшін Мақсатқа небәрі 52 секунд қажет болды. Ол өзінен 28 келі ауыр, 148 келі тартатын "Қара бураны" мерзімінен бұрын ұтқан.

Үшіні орынды тараздық Ғалымжан Қырықбай жеңіп алды. Дзюдо күресінен ұлттық құрама мүшесі әрі 2019 жылғы Универсиада жеңімпазы қазақ күресіндегі кезекті белесін бағындырды.

Турнирде жеңіске жеткен Мақсат Исағабыловқа алтыннан құйылған тайтұяқ, алтын белдік және 25 миллион теңге сыйақы берілді. Күміс жүлдегер Нұрдәулет Жарылғапов 5,5 млн теңге, қола жүлдегер Ғалымжан Қырықбай 1,8 миллион теңге көлемінде сыйақыға ие болды.

Айта кетелік, "Қазақстан Барысы" турнирі 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жарыстың ең алғашқы жеңімпазы - қызылордалық Ұлан Рысқұл. Турнирді екі рет жеңіп алған балуан - тараздық Бейбіт Ыстыбай. Сондай-ақ Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров, Ержан Шынкеев, Еламан Ерғалиев сынды балуандар әр жылдары жеңіс тұғырына көтерілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1976787-52-sekundta-utty-qazaqstan-barysy-turnirinde-qyzylordalyq-baluan-taza-zeniske-zetti/

pixel