Қатарынан үш жарыста ұтылған Елдос Сметов өзінің бұрынғы салмағына қайта оралды

Опубликовано:

Елдос Сметов өз салмағына қайта оралды
Елдос Сметов. Фото: olympic.kz

Дзюдодан Қазақстан командасының көшбасшысы Елдос Сметов 60 келі салмаққа қайта оралды. Бұл туралы құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Елдос Сметовтің өзіне үйреншікті 60 келіге оралатыны туралы мәлімет елордада өткен Азия чемпионатынан кейін белгілі болды.

"Елдос 66 келіде үш турнирге қатысып, үшеуінде де ұтылып қалды. Жаңа салмаққа ауысып, бірден үйреніп кету оңай емес. 66 келіде күресі жүрмеген соң, бапкерлермен ақылдасып, Сметовті өзінің бұрынғы салмағына ауыстыру туралы шешім қабылдадық", - дейді бас бапкер Нұрбол Сүлейменов.

Еске сала кетейік, Токио Олимпиадасынан соң Елдос Сметов 60 келіден 66 келіге ауысқан болатын. Бірақ жаңа салмақ тәжірибелі балуанға қиындық туғызған. Сметов Израиль, Түркия және Хорватияда өткен турнирлерде ұтылып қалды.

Қазіргі таңда 60 келі салмақта Мағжан Шамшадин, Бауыржан Нарбаев сынды дзюдошылар бақ сынап жүр.

Елдос Сметов дзюдодан әлем чемпионы (2015), Азия ойындарының жеңімпазы (2014), Азия чемпионы (2016) және Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері (2016, 2020). Ол дзюдодан Қазақстан командасының ең үздік балуаны саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1984729-qatarynan-us-zarysta-utylgan-eldos-smetov-ozinin-buryngy-salmagyna-oraldy/