Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Менің жеңісімді көре алмай кетті": Отандық спортшы Олимпиада қарсаңында бапкерінен айырылып қалғанын айтты

Опубликовано:

Мөлдір Жаңбырбай Олимпиада қарсаңында жеке бапкерінің өмірден өткенін айтты
Мөлдір Жаңбырбай. Фото: olympic.kz

Каратэден Токио Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғаған Мөлдір Жаңбырбай жазғы ойындар қарсаңында жеке бапкерінің көз жұмғанын айтты. Бұл туралы спортшы Bassport.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Үлкен спортта біраз жыл бойы жолым болмай, қолымды бір сілтегім келген сәттер бастан өтті. Одан қалса, кішкентайымнан бағыт-бағдар беріп, мені биікке жетелеген жеке бапкерім көз жұмды. Кейін бас бапкеріміз Жасталап ағайдан айырылып қалдық. Осының бәрі Токио қарсаңында болғаны өкінішті…

Маған каратэ әліппесін үйретіп, шеберлігімді шыңдап, халықаралық дәрежедегі спортшы деңгейіне дейін көтерген адам – бапкерім Рүстем Әбжәмиев. Бүгінде ол кісі туралы өткен шақта айтатынымыз мен үшін өте ауыр… Рүстем ағай мені күніне үш рет жаттықтыратын. Спортшыға қажетті барлық процедурадан өтуімді қатаң қадағалап, үнемі білгенімен бөлісіп отыратын. Тіпті, ол кісіні екінші әкем десем, артық емес. Өзімнің туған әкеммен дәл осылай көп сөйлеспеген шығармын.

Өкініштісі сол, ағайым менімен бірге ірі әлемдік жарыстарға бара алған жоқ. Себебі, ол кездері каратэ Ұлттық Олимпиадалық комитет қарамағына кірмейтін. Біз әлем және Азия чемпионатына қатысатын едік те, облыс тек бір адамның жол-шығынын көтеретін болды. Ағайым болса, өзі мені сырттан бақылап, ақ жол тілеп, үйде қала беретін.

Ал біздің спортымыз ҰОК құрамына еніп, Токио Олимпиадасы жақындаған кезде бапкерімнің денсаулығы сыр бере бастады. Ол кісінің ауырып жүргенін сезсем де, өзіме ештеңені ашып айтпағасын, жаман ойлаған жоқпын. Өмірінің соңғы күндерінде төсек тартып жатып қалса да, маған қалай жаттығып, не істеу керектігін отсаптан қарындасы арқылы жеткізіп отырыпты. Оны кейін білдім…

Шәкірті үшін жанын беретін адам менің ағайымдай болсын… Салауатты өмір салтын ұстанатын, өмірінде газдалған сусын ішпейтін, тура жолдағы адам еді. Ол менің ірі жеңісімді көре алмай, қатерлі дерттен көз жұмды…

Жеке бапкерімнің ізін ала бас бапкеріміз Жасталап ағай да бақилық болды. Ол кісі де бір ай ғана ауырып, бізді тастап кете барды.

Көптен күткен алғашқы жүлдеме 2021 жылы Португалияда өткен Премьер-лига турнирінде қол жеткіздім. Сол кезде қатты жылағаным есімде. Мені көпшілігі финалға шығып, қуанғаннан жылады деп ойлапты. Ал шын мәнінде, мен бұл жеңісімді Рүстем ағайым көрмей кеткені үшін жыладым…", - дейді Мөлдір.

Еске сала кетейік, Мөлдір Жаңбырбай Токио Олимпиадасында каратэден 55 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1985804-menin-zenisimdi-kore-almai-ketti-otandyq-sportsy-olimpiada-qarsanynda-bapkerinen-aiyrylyp-qalganyn-aitty/

pixel