"МЮ" бапкері Роналдудың "Манчестер Ситиге" қарсы матчқа неліктен қатыспағанын айтты

Опубликовано:

Футболист Криштиану Роналду
Криштиану Роналду. Фото: Matthew Ashton - AMA/Getty Images

"Манчестер Юнайтед" бапкері Эрик тен Хаг "Манчестер Ситиге" қарсы матчқа неліктен футбол әлемінің жұлдызы Криштиану Роналдудың қатыспағанын айтты, деп хабарлайды Sports.ru.

Естеріңізге сала кетейік, футболдан Англия біріншілігінің тоғызыншы турында "Манчестер Сити" өз алаңында "Манчестер Юнайтедті" қабылдап, 6:3 есебімен ұтты.

"Манчестер Сити" сапынан Эрлинг Холанд пен Фил Фоден хэт-трик жасаса, "Манчестер Юнайтед" сапынан Марсьяль дубль авторы атанып, Антони бір гол ұрды.

Португалия құрамасының сұрмергені бұл жолы да қосалқы құрамда қалды. Ол бұған дейінгі матчтардың екінші таймында тұрақты түрде алаңға шығып жүрген еді. Алайда бұл кездесуге шабуылшы қатысқан жоқ.

Ойын соңында "Манчестер Юнайтед" бапкері Эрик тен Хаг неліктен бұндай шешім қабылдағанын түсіндірді.

"Мен бұндай қадамға Криштиану Роналдуды және оның теңдесі жоқ мансабын сыйлағандықтан бардым. Тағы бір плюс жағдай - бұл алаңға тыңнан Марсьялдың қосылған сәті болды. Өйткені, оған практика қажет еді", - деді "Манчестер Юнайтед" бапкері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1990662-myu-bapkeri-ronaldudyn-mancester-sitige-qarsy-matcqa-nelikten-qatyspaganyn-aitty/